Жұмысшылар 13,5 келі құйма алтын тауып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоқандта (Өзбекстан) кәріз жүйесін қазу кезінде жұмысшылар салмағы 13,5 келілік кірпіш пішіндес алтын құймасын тауып алды.

Жұмысшылар 13,5 келі құйма алтын тауып алды

Шамамен бұл алтын өткен ғасырдың басында құйылған деген болжам жасалып отыр.

Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, ерекше олжаны қалалық ішкі істер бөліміне тапсырған жұмысшылар, тек осында ғана бұл жылтыр металл кірпіштің алтыннан құйылғанын білген.

Жергілікті тұрғынның айтуынша, Хамза кинотеатрының маңындағы аумақ көне қаладағы ежелгі орындардың бірі болып саналады.

Алтын құйма шамамен 750-800 мың АҚШ долларына бағаланып отыр, ал егер ол тарихи жәдігер ретінде қарастырылатын болса, кірпіштің құны арта түседі.

Өзбекстан заңнамасына сәйкес, тарихи құндылықтарды тауып, оны мемлекетке тапсырғандарға жәдігердің жалпы құнынан 25 пайыз көлемінде сыйақы төленеді.