Жұмысшылар Теңіз кенішіндегі блокпостан ПТР анықтамасыз өтпек болған
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысындағы Теңіз кен орнына келген жұмысшылар блокпостан ПТР анықтамасыз өтпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жылыой аудандық полиция бөлімі Теңіз полиция бөлімшесінің қызметкерлері кен орнындағы блок бекетті айналып өтуге тырысқан бір топ адамның жолын кесті. Аталған бөлімшенің патрульдік полиция инспекторы, полиция капитаны Тілеуке Құмаров блок бекетті айналып, кен орнына қарай бет алған «Lada Granta» автокөлігін көрген. Сол бойда басшылыққа хабарлап, өзі тоқтату үшін аталған көлікке бет алған. Сол бағытқа оның әріптестері де жолға шыққан.
«Полицейлер Құлсары қаласында тұратын 31 жастағы азаматтың басқаруындағы көлікті вахталық кентке кіреберісте тоқтатты. Жүргізушіден өзге салонда төрт ер адам болған. Олардың екеуі Орынбор қаласында тұратын Ресей азаматтары болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде үш жолаушының, оның ішінде бір ресейлік азаматтың қолында ПТР-тесттен өткендігі туралы анықтама болмай шықты. Көліктегілер «Теңіз» вахталық кенті аумағында орналасқан компаниялардың біріне баруды көздеген» -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір жинақталған құжаттар тиісті шешім қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөліміне жолданды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішіне жұмысшылар жалған ПТР анықтамамен келгенін хабарлап едік.