17:07, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Жұмысшылар жалақыларын дағдарыстың салдарынан емес, жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттерінің кесірінен ала алмай отыр ? Бас прокуратура өкілі
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жұмысшылардың жалақылары жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттерінің салдарынан берілмей отыр. Осы мәселеге байланысты арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген Бас прокуратура өкілдері осындай пікірде.

Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның деректерінше, Павлодар облысындағы «Азия келісімшарт», «Дейкар», «АқТурСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «СМС Ижиниринг» акционерлік қоғамдары өз мекемелеріндегі жұмысшылардың жалақыларын тек прокуратура қылмыстық іс қозғағаннан кейін бере бастаған. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қаңтар айында прокурорлардың араласуымен ішкі істер органдары «КСМ Қуат», «Қуат Сантехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылығына жұмысшылардың жалқысына байланысты қарыздары болғаны үшін қылмыстық іс қозғаған. «Бүгінде бұл істер бойынша алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ал прокурорлар жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттері бойынша прокурорлық қадағалау актілерін қолдануды ұсынып отыр. Бұл құжат құзырлы органдарға жұмыс берушілерден жалақыға қажетті қаржыны мәжбүрлі түрде алып беруге мүмкіндік береді», дейді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, қазір тап осындай құжаттар негізінде Алматыдағы «Нұр Чипек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалпы құны 1 миллион 800 мың теңгенің жалақысы төлеттірілген. Сонымен қатар прокурорлардың талабымен «Апекс Билд» компаниясының өкілдері де 1 миллион 216 мың теңгенің жалақысын жұмысшыларына төлеуге мәжбүр болған.