«Жұмысшылар жем болмауы үшін кәсіподақ азулы болғаны жөн» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Бірнеше күнге созылған бірқатар ресми шаралардан кейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Финляндия Парламентінің спикері Саули Нийнистемен екі жақты кездесу өткізді. Қазақстандық делегациямен кездесуге жылы ілтипат танытқан С.Нийнисте Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрғалық рөліне оң баға беріп, бұл маңызды да жауапты міндетті ойдағыдай атқарып келе жатқанын атап көрсетті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Әріптестік байланыстар байламы» деген тақырыппен басылған мақаласында.
Қазақстандық делегация Финляндия Парламентіндегі кездесуден кейін осы елдің Еңбекпен қамту және экономика министрлігінде болып, жалпы фин экономикасының жетістігімен танысқан.
Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы мемлекеттік ұйымдар мен әлеуметтік қамсыздандыру қызметтерін өзара байланыстыратын халықаралық жетекші ұйым. 1927 жылы құрылған қауымдастықтың 150 елде 340 мүше ұйымдары бар. Үстіміздегі жылы маусымның 8-9-ында елімізде әлеуметтік қамсыздандыру бойынша ірі халықаралық конференция өтпек. Осы алқалы жиын қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті ХӘҚА-ның Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевскимен болған әңгімені оқырмандар назарына ұсынып отыр. Сұхбат барысында ол «Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік саясатының басты аспектісі 2020 жылға халықтың төменгі күнкөріс деңгейінен табысы төмен халықтың үлесін - 8%, жұмыссыздықты 5%-ға дейін төмендетуі өте маңызды», деген. «Әлеуметтік қамсыздандыру - хх ғасырдың ең басты жетістігі» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің егжей- тегжейін басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.
«Бұл күндері оңтүстік астанада опера мен балеттің әлемге аты мәшһүр жұлдыздары жүр. Олардың арасында итальяндық композитор Пьер-Доминик Поннель, ресейлік дирижер Андрей Аниханов, Мәскеудегі Үлкен театрдың примасы Анна Антоничева, Санкт-Петербургтегі Мария театрының балет солистері Александр Волчков пен Ресейдің атышулы балеринасы Анастасия Волочкова, жаңа әлемдік опера жұлдызы Нетта Ор бар», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Олар Алматыда басталған опера және балет өнерінің халықаралық фестиваліне қатысуда. Сәрсенбі күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында фестиваль П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен ашылған.
***
Бүгін Астанада Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының ХХІІ съезі өтеді. Жұмысшы қауымға қорған болсын деп құрылған осынау қоғамдық ұйымдардың биылғы жиынына 320-дан астам өкілетті делегат келген. Бұл жайында «Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Жұмысшылар жем болмауы үшін кәсіподақ азулы болғаны жөн» деген мақалада кеңінен жазылған. Басылымның баяндауынша, кеше осы делегаттар бірқатар кездесулер, атап айтқанда Мәжіліс вице-спикері Владимир Бобровпен, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовпен жүздескен. Кездесу барысында К.Мәсімов кәсіпорындарды түйіні тарқамаған күрмеулі проблемалардың жетерлік екендігін атап өтіп,бұл орайда бірлесе, тізе қоса шешімдер табу қажеттігін баса айтқан.
«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында халық қалаулысы Рауан Шаекиннің төрағалығымен жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлердің үлестірілуін қадағалайтын сараптамалық топтың алғашқы отырысы өтті», деп жазады «Айқын» газеті. Жиын барысында сараптамалық топ жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерге бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуы мен жергілікті жерлердегі атқарушы биліктің бағдарламаны қалай іске асырып жатқанын ой елегінен өткізген.
«Айқын» газетінің спорт айдарында былтыр Германияда өткен әлем чемпионатында 80 метрлік сайыста алтыннан алқа таққан ОАР спортшысы Кастер Семения жайында мақала басылды. «Іле-шала аталмыш спортшының басы бәлеге қалды. Жоқ, Семения допингпен ұсталған жоқ. Гәп - басқада. Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының өкілдері Кастердің, шын мәнінде, әйел екеніне күмән келтірді», деп жазады басылым. Оқиғаның одан әрі қалай өрбігенін білгіңіз келсе «Сіз кімсіз, Семения ханым?» деген мақалаға назар аударыңыз.
***
«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, елорда әкімдігінде өткен тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі қалалық комиссияның отырысында С,Сейфуллин ескерткішінің тұғырын көтеру мәселесі сөз болған. Суретшілер одағы ескерткіштің авторымен, сондай-ақ қалалық сәулет және қала құрылысы басқарасымен келісе отырып, мүсін тұғырының жобасын жасап, орнатуды көздеп отыр. Алдағы уақытта ескерткіш тұғыры бір жарым метрге дейін биіктетіледі.
Осы басылымның «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов елордалықтардың өздерін мазалаған сауалдарына тұщымды жауап берген.
***
«Кеше Қарағанды облысы ғарышкерлерді күтіп алды», деп жазады «Известия-Казахстан» газеті. Союз ТМА-17» кемесінің халықаралық экипажын Қазақстан жері ыстық ықыласпен қарсы алды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ғарышкерлерге жерге қона салып, қазақстандық алмадан дәм тартылды.
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, Жапонияның Премьер-Министрі отставкаға кетеді. Окинава аралындағы АҚШ әскери базасын басқа жаққа көшіру туралы уәдесінде тұра алмағаны үшін мамырдың 23-інде Ю.Хатояма кешірім сұрауға мәжбүр болған еді. Бұл уәдені ол өткен жылы сайлауалды науқан кезінде берген болатын.