Жұмысшыларға жалақы бермеген мекеме басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тарту керек пе? - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Ақмола облыстық әкімдігі ойын бизнесі нысандарын Бурабай кентінен көшіру туралы қаулы шығарды. Енді аталған нысандар Шортан көлі жағалауының оңтүстік-шығыс бөлігіне, елді мекендерден оқшау шоғырланатын болды»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Ойын бизнесі оқшауланбақ» атты материалда. Осы жағдайға түсінік берген облыс әкімі Қайрат Қожамжаров бұл қадамның, тұтастай алғанда, халықаралық қалыптарға сай келетінін және туристік қызмет иелерін ынталандыруға, аталған аумақта құрылыс саласын дамытуға, өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Ең бастысы, Бурабай тұрғындарының өскелең ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылығы ескеріліп отырылғандығы назарға алынған көрінеді.
Осы газеттің жазуынша, елордадағы «Қазмедиа орталығының» кино-концерт залында халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концерті өтті. Қазақ радиосы қазақ халқының әуендерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырған осы бір өнер жарысы жыл басынан күні кешеге дейін жалғасқаны белгілі. Деңгейі халықаралық болған соң, қойылған талап та осал болған жоқ. Яғни, әр үміткер қазақтың дәстүрлі және эстрадалық әндерін жоғары деңгейде орындауы керек. Бұл талаптың үдесінен шыққан да, шықпаған да бар. Оны радиотыңдаушылардың интернет арқылы берген дауыстары мен кәсіби музыка мамандарының пікірлері дәлелдеді. Жыл басынан бері Қазақ радиосы, «Шалқар» арнасы және «Астана» радиоларында «Дала дауысы» айдарымен 130 әншінің орындауындағы әндер рет-ретімен беріліп келген болса, сол 130-дің екінші айналымға 50-і ғана өтіпті. Ал, 50-дің ішінен іріктеліп алынған, яғни, тыңдармандар мен қазылардың талғамынан шыққан 25 әншіге гала-концертте «Үздік дәстүрлі орындаушы», «Үздік эстрада әншісі» және «Жаңа есім» номинациялары бойынша «ДАЛА ДАУЫСЫ» радиофестивалінің арнайы дипломдары мен көркем безендірілген арнайы кәдесыйлары тапсырылды. Бұл мақала «Дала дауысы» мәреге жетті деген тақырыппен берілді.
***
«Айқын» басылымында әйелдердің зейнет жасын ұлғайту тұрғысындағы мәселені көтерген мақала басылды. Бүгінде әйелдердің зейнетке шығар жасын 63-ке дейін ұлғайту мәселесі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да болар, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту аспаннан алына салып, жасалғалы отырған нәрсе еместігін дәлелдеу барысында неше түрлі дәйектер алға тартылуда. Солардың бірі - ер-азаматтың әйелге қарағанда аз өмір сүретіндігі болып отыр. 2050 жылға қарай еліміз тұрғындарының ширегі 65 жастан жоғары болады, яғни жастардан қарттар саны арта түсетінін айтады сарапшылар. Сол қарттардың арасында әйелдер саны басым болып, ерлердің қатары сирей бастайтын көрінеді. Себебі соңғыларының өмір сүру мерзімі қысқа екен.
«Латын әліпбиіне көшеміз дегелі таңба мен дыбысты шатастырып, әліпби құрастырып жатқандар көбейіпті. Олардың арасында әліпби жасап, патент алып, қағаздарын жалаулатып жүргендер, тіпті авторлық әліпбиіне өз есімін беріп үлгергендер де бар көрінеді. Бұл туралы кеше «Аманат» интеллектуалдық клубының Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған 2025 жылдан бастап қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру тапсырмасына сәйкес өткен қоғамдық талқылау кезінде айтылды»,-деп жазады «Айқын» газеті. «Нұр Отан» ХДП қолдауымен өткен «Аманаттың» кезекті отырысында публицист, мәдениеттанушы Серік Ерғали қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруде үш тарап белсенді әрекет етуі тиіс деген пікір білдірді. «Бірінші тарап - шешім қабылдайтын әрі атқаратын билік, екіншісі - латын әліпбиінің жүйесі мен алғышартын әзірлейтін ғылыми тарап және нақты нәтижеге мүдделі бақылаушы әрі ықпалды қоғамдық орта. Біз бүгін осы үшінші тараптың атынан жиналып отырмыз. Жаңа әліпби тұжырымдамасы қазақ тілінің дыбыстық стандарты, қаріптерді жүйелеу мен тағайындаудағы басты критерийлер мен талаптардың ресми түрде бекітілгені абзал. Өйткені, мәселе қазақ тілі әліпбиінің кестесін жасақтаумен бітпейді. Ең бастысы, тіл тұтынушыларының оны оңай да жедел түсінетінін қамтамасыз ететін шаралар қажет. Соның ішінде жаңа әліпбиге негізделген орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерден бастап, қолданушыға қажетті барлық ресурстар қолда боларлықтай әлеуетті әзірлеу маңызды» дейді ол. Бұл жайында толығырақ «12 жылды тиімді пайдалану қажет» атты мақалада жазылды.
***
«Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында «Бірнеше ай бойы жұмысшыларға жалақы бермеген мекеме басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тарту керек пе?» мәселесі көтеріліп отыр. «Жақын арада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов: «Министрлік өңірлерде еңбек дауының туындау тәуекеліне ұшыраған 350-ден астам кәсіпорынға мониторинг жүргізді. Бүгінде 500-ден астам кәсіпорын 2,5 млрд. теңге жалақы бойынша қарызын өтеді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қарыз көлемі қысқармай отыр. Қазір елімізде өндірілмеген қарыз 1, 137 млрд. теңгені құрайды. Сәйкесінше, біз әлеуметтік - еңбек дауларын шешу жөнінде кешенді жоспар қабылдадық»,-деп еліміз бойынша төленбеген жалақы көлемінің азаймай отырғанын мәлімдеді»,-деп жазады басылым. Осы орайда кейбір мамандар жұмысшыларына айлап жалақы бермеген мекеме басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс айтуда.