Жұмысшыларының қарсылығына байланысты McDonald's компаниясы Чикагодағы штаб-пәтерінің қызметін уақытша тоқтатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - McDonald's компаниясы қызметкерлерінің жалақы көтеруді талап еткен ереуіліне байланысты Чикаго қаласындағы штаб-пәтерінің жұмысы уақытша тоқтады, деп хабарлады ВВС агенттігі.
None
None

Компания басшылығы офис қызметкерлеріне уақытша үйден жұмысты жалғастыруды өтінді. Қарсылық шаралары McDonald's акционерлерінің бейсенбіге жоспарланған жиналысы қарсаңында басталып отыр. Штаб-пәтер маңына ереуілшілер шатырлар тігіп, еңбекақыны сағатына 15 долларға дейін көтеруді талап етті.
Бұл талап 2012 жылы алғаш рет ресторандар желісі қызметкерлері арасында қойылған. Ал, бұл қарсылықты ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі, бейсенбідегі ереуіл соңғы жылдары өткізілгелі отырған ең ірі қарсылық шарасы болмақ.
Айта кетейік, сейсенбі күні McDonald's компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Эд Ренси Fox Business-ке берген сұхбатында, осы мәселеге қатысты пікірін білдірген. Онда ол ереуілшілердің талабы, яғни жалақыны сағатына 15 долларға дейін көтеру - компания үшін тиімсіз екенін айтқан. Оның айтуынша, McDonald's басшылығы үшін бұл талапты орындағаннан гөрі жұмысшыларды роботтарға ауыстырған пайдалырақ.
Ассошиэйтед пресс агенттігінің хабарлауынша, McDonald's компаниясының биылғы алғашқы тоқсандағы пайдасы 1,1 млрд долларға жетті.

Соңғы жаңалықтар