Жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгертілетін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгертілетін болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Әлуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті. Комитет отырысында «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасы талқыланған болатын.
None
None

«Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, біз жұмыссыздарды тіркеу тәртібін өзгертетін боламыз. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша біз жұмыспен қамту орталықтарына келген азаматтарды бірден есепке алатынбыз. Ал жаңа заң жобасы бойынша біз ол азаматтарды әуелі «жұмыс іздеуші адам» ретінде есепке алатын боламыз. Сосын жұмыспен қамту орталықтары әлгі азаматқа лайықты жұмыс орнын іздейтін болады. Егерде лайықты жұмыс табылмаса, он күннен кейін ғана әлгі азамат «жұмыссыз» статусын алып, тіркелетін болады», - деді Б. Нұрымбетов.

Оның айтуынша, бұндай норма жұмыссыздарды формальді түрде тіркеуге жол бермейді. Сонымен қатар, бұл ретте ең біріншіден адамның жұмыс табу ниетіне баса назар аударылып, соған қатысты көмектер көрсетіледі.
«Бұдан бөлек, жұмыс іздеп келген азаматтарға кәсіби бағдар беру мәселелері де толық қамтылып отыр. Ол азаматтардың отбасының әрбір мүшесінің табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болса, онда олар атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Бұнымен бірге, жаңа заңға сәйкес, ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендерге міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды мемлекет аударатын болады», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар