«Жұмыссыздардың нақты саны қанша?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 тамыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жұмыссыздардың нақты саны қанша?» - баспасөзге шолу

***

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Бүгінде Отанымыздың жетістіктері - әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімді жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы - барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы» деген түйін сөз айтты. Береке - белсенділіктен туады десек, мақсат - жетістіктің желкені деген қағидат еске салынды. Жолдау жалауындағы жауапкершілік те күшті. Тиімділік - бағытымыздың айқындылығы мен оған деген сенімділікте болып тұр. Қоғам байыпты қадам үстінде. Қазір ауылдар да алаңдамай, алға баса бастады. Солардың қатарында Еңбекшілдер ауданының елең еткізер ұмтылыстары назар аудартады. Оны аудан әкімі Абай Сәдуақасұлы «Егемен Қазақстан» газеті тілшісіне берген сұхбатында тарқата айтып берген. Сұхбат басылымның сенбілік нөмірінде «Уақыт - мүмкіндіктер кезеңі» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымның жазуынша, Қостанай облыстық ауруханасында 77 жастағы Ақжібек Байбосованың жүрегіне ерекше ота жасалды. Осыдан екі жыл бұрын кардиолог дәрігерлер Ақжібек әжейге миксома, яғни жүректе залалсыз ісік бар деген диагноз қойған болатын. Ақжібек әжейдің балалары анасын еліміздегі белгілі клиникалардың барлығына апарыпты. Бірақ ісіктің үлкейіп кетуі және науқастың кәрілігі орталық клиникалардағы дәрігерлерді тәуекелге апара қоймапты. Ал мұндай ота үшін шетелдерде 80 мың еуро сұрайды екен. «Ісік жүректің сол жағындағы алдыңғы бөлігінің ұлпасының 90 пайызын зақымдаған және жүректің қан жолы тетігін жауып тастай жаздаған. Біз операцияны дер кезінде жасадық. Ал менің тәжірибемде жүрекке жабысқан үлкен ісік бірінші рет кездесіп отыр», - дейді ота жасаған кардиохирург Владислав Ачкасов. Мақала «Үзілмеген үміт» деген тақырыппен берілген.

*** «Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жұмыссыздық көрсеткіші өткен айда 5,1 пайызға тұрақтаған. Пайызды санмен сөйлетсек, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қарасы 463 400 адамды құрап отыр», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы « Жұмыссыздардың нақты саны қанша?» деген тақырыптағы мақаласында. Дегенмен, басылымның жазуынша, шындығында тұрақты жұмыс таппай сенделіп жүргендерді «өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың» қатарына кіргізіп қойғанбыз. Осы «өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген» 2,8 миллион халқының тек 70 пайызы ғана тұрақты табыс табады екен. Қалған 30 пайызының жұмысы «жеміссіз». Бұл да статистиканың ресми сандары. Яғни «өзін-өзі жұмыспен қамтыды» деп алдаусыратқанымызбен, 5 пайыздан бөлек, 840 мыңдай адам арнайы «мәртебесі» жоқ болса да, жұмыссыздың кебін киіп жүр. «Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарына 2-3 қарасы бар ауыл тұрғыны да, базарда ұсақ-түйек сатып жүргендер де, адам тасып күн көріп жүргендер де, маусымдық жұмысқа жалданатындар да кіріп кеткен. Ал олардың жартысына жуығының тапқаны күнделікті ішіп-жемнен артылмайды» - дейді мақала авторы.

***

Эбола безгегінің елге келуі қаупіне байланысты Шымкент әуежайында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Күшейту жұмыстары республикалық Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі әзірлеген шаралар аясында жүргізілуде. Бұл жайында «Экспресс-К» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Штамм в паспорте» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның нақтылай түсуінше безгекті анықтайтын мұндай құрылғылар еліміздің барлық қалаларындағы әуежайларда орнатылған.

«Қазақстандық өнер жұлдыздары біртіндеп Астанаға қарай ат басын бұра бастады. Ерлан Көкеевтің ізін ала әнші әрі композитор Дәурен Байназаров елордаға көшіп келді», деп жазады «Экспресс-К» газеті. Басылымның нақтылай түсуінше, ол өзінің болашақ келіншегімен Астанада танысқан көрінеді. Әнші елордада дыбыс жазуы студиясын да ашып үлгерген, енді жаңа таланттарды іздеу ісіне ден қоймақ. «Меніңше, шоу бизнестің болашағы Астанада. Қазіргі уақытта Алматыда түсініксіз жайт орын алып тұр. Өйткені, музыка шыңын ерінбегеннің барлығы да бағындырғысы келеді. Астанада шоу бизнес әлі дұрыс дамымаған және мұнда жаңа көкжиектер ашу қажет», - дейді ол.