Жұмыссыздық моноқалалардың басты проблемасы болып тұр - Үкімет отырысы
АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде жұмыссыздық мәселесі көптеген моноқалалардың басты проблемасы болып отыр. Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев осы мәселені көтерді.
Оның айтуынша, жұмыстың болмауы салдарынан халықтың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр. «Жұмыссыздық деңгейінің жоғары көрсеткіштері Арқалықта - 9,4 пайыз, Кентауда - 8,7 пайыз және Ақсу қаласында 7,9 пайыз тіркелген. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болып тұр. Бұдан басқа, көптеген моноқалаларда экономикалық белсенді, яғни еңбекке қауқары бар халықтың үштен бір бөлігінен астамы өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың санасына жатады. Осы көрсеткіш жағынан Қаратау (49,7 пайыз), Арқалық (49,3 пайыз), Жітіқара (47 пайыз), Жаңатас (37,1 пайыз) және Құлсары (30,7 пайыз) көш бастап тұр», - деп атап көрсетті Қ. Өскенбаев. Вице-министр атап көрсеткендей, моноқалаларды дамыту аясында аталған мәселелерді шешу көзделіп отыр. Осы мақсатта 2013 жылда 18,18 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде бұл қаражаттың 54 пайызы, немесе 10 млрд. теңгесі игерілді.