Жұмыстан шығарылған мұнайшылар республиканың тау-кен және мұнайгаз салаларына бұрынғы жалақыларының 80-90 пайызы шегіндегі айлықпен жұмысқа орналастырылады - Ө.Шөкеев
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Жұмыстан шығарылған мұнайшылар республиканың тау-кен және мұнайгаз салаларына бұрынғы жалақыларының 80-90 пайызы шегіндегі айлықпен жұмысқа орналастырылады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейне байланысқа шыққан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
«Бұған дейін жұмыстан шығарылған «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражамбасмұнайгаз» компанияларының 1800-ге жуық жұмысшысын еңбекпен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екендігін баса айтқан ол: «Бұл проблемамен қазірдің өзінде айналысуды қолға алдық. Болжамды келесі іс-әрекет жоспары мынадай: жұмыстан босатылған жұмысшыларға республиканың ірі кәсіпорындарынан, атап айтқанда, тау-кен және мұнайгаз салаларына басымдық беріле отырып, олардың бұрынғы жалақыларының 80-90 пайызы шегіндегі айлықпен жұмыс ұсынылады», - деді ол.
Ө.Шөкеевтің атап өтуінше, олар келіскен жағдайда көшу, орналасу және қажетті баспанамен қамтамасыз етумен байланысты шығындарын өтеу мәселесі де қарастырылуда. Бұл орайда «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының тетіктері кәдеге асуы мүмкін. «Жұмыспен қамту бағдарламасының еңбек ресурстарын көшіру бөлігі бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет болады», - деп атап өтті бірінші вице-премьер.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бірінші орынбасарына жұмысқа орналастырылатын мұнайшылардың тізімін әзірлеуді тапсырды. «Мен өз еркіммен барлық қажетті шешімдерді қабылдаймын. Бұл басты мәселе. Біз бүгін, тіпті болмағанда ертең таңертең қажетті шешімдерді қабылдайық. Мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты шешімді қабылдаймыз, ал мемлекеттік емес кәсіпорындарға қатысты барлық мәселелерді ерікті-мәжбүрлі түрде қабылдайтын боламыз», - деді Премьер-Министр.