Жұмысы баяу болса басқарма басшыларын көп ұстаудың қажеті жоқ - Елжан Біртанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын лайықты дәрежеде жүзеге асыра алмай жатқан өңірлердің бары анықталып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл аймақтардағы денсаулық сақтау басқармасының басшылары жағдайды түземесе тиісті шара қолданылатынын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл туралы Елжан Біртанов еліміздегі денсаулық сақтау саласының алғашқы жартыжылдығын қорытындылауға арналған жиында айтып өтті. Аталған бағдарлама бойынша Алматы, Қостанай, СҚО облыстарының есебі тыңдалды. Үш өңірде бағдарламаның жүзеге асу барысы төмен екені анықталған.
«Әр өңір өз мүмкіндігіне сай міндеттеме алды. Демек, орындауы керек. Сіздердің алдарыңызға қол жетпес межені қойып отырған жоқпыз. Базалық деңгейді асыра орындасаңыздар да болады, бірақ жұмысты соңына дейін жеткізу керек. Кемшіліктер бойынша шаралар жоспарын бекітіп, жыл соңына дейін орындауды тапсырамын. Бір айдан кейін қайта тексереміз. Облыс әкімдеріне хат жазып, төмен көрсеткіштер бойынша барлық сандарды жолдауды тапсырамын», - деді Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, министрлік ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сай денсаулық сақтау басқармасының басшыларын тағайындамайды. Бірақ, облыс әкімі аталған ведомствоға басшыны тағайындаған кезде министрліктің бекітуге құқығы бар.
«Егер басшы жұмысын атқара алмай жатса, бекіткен келісімімізді қайта қайтарып алуға қақымыз бар. Сондықтан, егер жылдың соңына дейін басқарма басшылары көрсеткішті түземесе, біз облыс әкімдеріне тиісті хат жолдаймыз. Денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен келісімшарт 3 жылдық мерзімнен аспауы керек. Біз заңнамаға өзгеріс енгізу туралы ұсынысты даярлап жатырмыз. Жыл сайын тексеріліп, жұмысын атқара алмаса, мен оны одан ары ұстаудың қажеттілін көріп тұрған жоқын. Қазір жоғары білімді жастар көп», - деп түйді министр.