Жұмысымызды заң шығару тұрғысынан ғана емес, ұйымдастыру жағынан да жетілдіре түсуіміз қажет - Мәжіліс төрағасы
А. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үстіміздегі жылы Елбасының тапсырмасы бойынша біздің алдымызға индустриялдық саясат туралы, ғылым туралы заң жобаларын дер кезінде қарау міндеті қойылып отыр.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының жиналысында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оған қоса биыл елімізде 2014 жылға дейін мемлекетті индустриялдық-инновациялық дамыту бағдарламасы қабылданбақ. Ол стратегиялық маңызды құжат біздің тиісті заңнамалық база жасауымызды талап етеді. Сондықтан қысқа уақытта осы базаны жасап шығуымыз қажет», деді О. Мұхамеджанов.
Сонымен қатар ол үшінші сессия ашылған кезде Мемлекет басшысы Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне орай заң шығару процесін біршама жақсартып, оны Еуропалық стандарттарға барынша жақындата түсуді тапсырғанын атап өтті. «Ол бізге үлкен жауапкершілікті жүктейді», деді Мәжіліс төрағасы.
«Жоғарыда аталған міндеттерді шешу үшін біз өз жұмысымызды заң шығару тұрғысында ғана емес, ұйымдастыру жағынан да жетілдіре түсуіміз қажет», деді О. Мұхамеджанов.