Жұмысына салғырт қараған полицейлер сөгіс алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Медеу аудандық прокуратурасы арыздарды қарау нәтижесінде Медеу ауданының ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы бөлімінің қызметкерлері тарапынан сот шешімі бойынша борышкерді іздестіру ісін қозғамағандығын анықтады.
Борышкерге іздеу жариялау туралы соттың ұйғарымы ішкі істер басқармасына 2013 жылдың 11 шілдеде түскеніне қарамастан, іздестіру ісі қозғалмаған, оған қоса, сот шешімі бойынша талапкердің осы мәселе бойынша арызы жауапсыз қалған. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.
Осыдан кейін, аудандық прокуратура ішкі істер басқармасына талап жолдап, сол бойынша ғана іздестіру іс шаралары 2014 жылдың мамыр айының соңына таман қозғалған. Кейін, борышкердің табылуы себебінен іздестіру жұмыстары қысқартылған.
«Аталған олқылықтарға орай Алматы қаласының ішкі істер департаментіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді. Прокурорлық ықпал ету актісін қараудың нәтижесінде, Медеу аудандық ІІБ-ның көші-қон полициясы бөлімінің бастығына және осы бөлімнің екі аға инспекторына «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза тағайындалды», - делінген баспасөз баянында.