Жұмысынан қысқарғандар әлеуметтік төлемді қалай алады?

Вице-министрдің айтуынша, жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Алайда, бұл төлем тек мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматқа ғана беріледі. Яғни, азамат бұрын жұмыс істеген кезінде әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна аударған болуы керек.
«Егер азамат осы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кемінде бес жыл бойы жарна аударып келген болса, онда әлеуметтік төлем оның жұмыс істеп жүрген кездегі алған жалақысының 30 пайызын құрайды. Ал егер қысқаруға ұшыраған жұмысшы сақтандыру жүйесіне 4 жыл қатысқан болса, онда оған 0,95 коэффициентпен төленеді. Мәселен, егер қысқартуға ұшыраған адамның бұрын алып жүрген жалақысы 200 мың теңге болса, онда 5 жыл сақтандыру жүйесіне қатысқан азамат 60 мың теңге алады, жүйеге 4 жыл қатысқан болса ол 57 мың теңге алады, ал үш жыл болса бұл 54 мың теңге шамасында болады. Ал бұл төлем осы азаматтың жұмыссыз ретінде тіркеуден алынып тасталғанға дейін беріледі», - деді Б. Нұрымбетов.
«Түйіндей айтсақ, қысқарып қалған азамат жұмыссыз ретінде орталықтарға тіркеледі, сосын оған әлеуметтік төлем төлене бастайды. Осы кезде оған әлеуметтік жұмыс орындары немесе кәсіби оқулар ұсынылуы мүмкін. Ондай жұмыстарға қатысып, оқуға жіберілсе де оның әлеуметтік төлемі тоқтатылмайды. Алайда, кәсіби оқытуға, қоғамдық жұмысқа жіберілген азамат өз бетінше жұмысын немесе оқуын тастап кетсе, сол күні ол жұмыссыз ретінде тіркеуден шығарылып, төлемдер де тоқтатылады», - деді Б. Нұрымбетов.
Вице-министр бұл ретте халықтың өзі жұмыс іздеуге ынталы болуы тиістігін, кәсіби біліктілігін арттыруға өзі де құлықты болуы керектігін атап өтті.