Жүрегі ауыратын адамдарға коронавирус қаншалықты қауіпті - дәрігер жауабы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Медицина ғылымдарының және PhD докторы, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының профессоры Сәуле Уразалина ҚазАқпарат тілшісіне КВИ инфекциясының жүрегі ауыратын адамдарға қаншалықты қауіпті екенін айтып берді.

Жүрегі ауыратын адамдарға коронавирус қаншалықты қауіпті - дәрігер жауабы

- Коронавирус инфекциясы жүрек және қан тамырларына қалай әсер етеді?

- Еуропалық кардиологтар қоғамының (ЕКҚ) ұсынымына сәйкес қазіргі сәтте вирустың жүрекке тура әсері туралы дәлел жоқ. Алайда, инфекциядан туындаған жіті қабынудың реакциясы жүрек қызметін нашарлатып және жүрек қызметінің кемістігі бар пациенттерде симптомдарды асқындыра алады.

Жүрек қызметінің кемістігі, дилатациялық кардиомиопатия, оң жақ қарыншаның өршіген аритмогендік кардиомиопатиясы бар пациенттер және туа біткен жүрек кемістігі бар пациенттер тәуекел тобына бейім болады.

Вирус кардиостимулятор және кардиовертер-дефибрилятор секілді имплантталатын қондырғыларды зақымдайды немесе жүрек қақпақшаларының кемістігі бар пациенттерде инфекциялық эндокардит туғызатынына дәлел жоқ.

Жүйелі түрде болатын ауыр қабыну процестері аритмияны асқындырады немесе тіпті кей пациенттерді жүрекше фибрилляциясына алып келеді.

Вирустың қабынатын әсерін ескере отырып, теориялық жағынан вирустық инфекция коронарлық артерияларда атеросклеротикалық түйіндақтардың (май шөгінділері) үзілуін тудырып, бұл жүрек ұстамасына әкеледі деген қауіп бар. Кеудесінде жайсыздықты сезінетін адамдар коронавирус симптомдарының пайда болған кезінде міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс.

- Бұл індет жүрек-қантамыр ауруларының қозуына ықпал ете ме?

- ДДҰ деректеріне сәйкес, COVID-19 пандемиясына қарамастан, дүние жүзінде болып жатқан өлімнің негізгі себебі - жүрек-қан тамыр аурулары болып қала береді. Алайда дүние жүзінде пандемия кезінде ЖҚА асқыну қаупі біршама артты.

- Жүрегі ауыратын науқастар коронавирус жұқтырып алса, неге баса мән беруі керек?

- Әзірше мұндай пациенттерде COVID-19 жұқтырғаннан кейін өкпе инфекциясы дамуының мүмкіндігі жоғары деген деректер жоқ, алайда бұл тұмау секілді басқа вирустарда инфекцияның дамуы секілді мүмкін болады. Егер адамдар жүрек-қантамыр ауруларының симптомдарын коронавирус эпидемиясы көрінісінде сезінетін болса, оларды назардан тыс қалдырмауы тиіс.

Егер дене шынықтыру кезінде немесе тыныш жатқанда кеудеңізде ауыру сезімі пайда болып, тыныс алу қиындаса, жүрек қағысы жиіленіп немесе естен танатындай әлсіздікті сезінсеңіз, шұғыл жедел жәрдем шақыру қажет.

Мамандар емдеуге жатқызу туралы шешім қабылдамас бұрын айтылған симптомдар мен жалпы қарап-тексерудің негізінде жай-күйіңізді бағалайды.

- Өкпені жасанды желдету аппараты жүрегі ауыратындарға қауіпті дейді, бұл қаншалықты рас?

- Өкпені жасанды желдету аппаратына қосу - адам өмірін сақтап қалудың басқа тәсілдері болмаған жағдайда дәрігерлер қабылдайтын ең соңғы шешім. Пациенттерді өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға берілетін көрсеткіштер медицина қызметкерлеріне арналған ұсынымда нақты жазылған. Жасанды желдеткіш өкпенің оттегіні жеткілікті демала алмай және она жиналып қалған көмірқышқыл газын шығара алмаған жағдайда қажет.

Бұл жағдайда өкпені жасанды желдету аппараты тыныс алу жүйесінің қызметін атқарады. Егер тыныс ала алмаған адамды өкпені жасанды желдету аппаратына қоспайтын болса, оның ішкі ағзалары оттегімен қамтамасыз етілмей қалады. Осыдан кейін кешікпей жүрек өз соғысын тоқтатады, қанмен қамтамасыз етілмейді, бірнеше минуттың ішінде пациент қайтыс болып кетуі мүмкін.

Осыған байланысты егер өкпені жасанды желдету аппаратына қосу қажеттілігі туындайтын болса, онда жүрек ауруы бар немесе жоқ адамдар үшін өкпені жасанды желдету аппаратының қаупі туралы мәселе тіпті талқыланбайды.

- Дәрігерлер жүрек-қантамыр ауруымен ауыратын науқастарға қандай кеңес береді?

- Жүрек-қантамыр аурулары коронавирус инфекциясымен зақымдану кезінде асқынудың дамуына әкеле алады. Бұған миокард және тамырлардың созылмалы ауруларының декомпенсациясы немесе олардың ерекше (вирустық) зақымдануы жатады. Негізгі аурудың декомпенсацияланған ағымы тромбоздар, жіті жүрек-өкпе және полиоргандық жетіспеушілік қаупін арттырады.

Бұл ретте мыналарды естен шығармау керек:

1. Вирус жұқтырмас үшін ұсынылатын профилактикалық шараларды мұқият орындау қажет;

2. Жүрек және қантамыр аурулары кезінде тағайындалған дәрі-дәрмекпен емделуді тоқтатуға болмайды. Бұл денсаулықтың жылдам нашарлауына әкелуі мүмкін;

3. Алдын ала жоспарланған операциядан бас тартуға болмайды. Жүрек немесе қан тамырының кей аурулары кешіктірген жағдайда жылдам өршіп, өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Операция жасау немесе оны күте тұру мәселесін тек қана кардиолог шешеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!