Жүрегім Қазақстан деп соғады - Германия тұрғындарының арнайы құттықтауы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлан-байтақ ұлы даланы мекендеген қазақ халқын қарапайым этникалық неміс отбасы Жаңа жыл мерекесімен арнайы құттықтады, деп жазады Хабар 24 .

Жүрегім Қазақстан деп соғады - Германия тұрғындарының арнайы құттықтауы

Берлин қаласы маңындағы шағын ауданда тұратын жетпіс жеті жастағы Яков Нус - қазақ тілін жетік білетін неміс ақсақалы.

Яков Нус ақсақалды Германиядағы жергілікті қазақтар екінші Герольд Бельгер деп атайды. Жамбыл өңірінің Ақкөл ауылында қазақтың қалың ортасында өскен неміс азаматы қазақтың тілін жетік біледі. Соғыстың ауыр жылдарын, аштықтың зардабын өз көзімен көрген қария кезінде сақпанда қой бағып, өгізге жегілген соқамен талай жер жыртқаны да бар екен. Қазір ол өзінің тарихи отанында тұрады, «алайда жүрегім Қазақстан деп соғады», - дейді ол.

«Еш уақытта, ешқандай жаман сөз естіген емеспін. Содан бері қазақ еліне бір грамм да өкпем жоқ. Мен өзімді айтып отырмын, егер де қазақ болмағанда, соғыс жылдарында аштан өліп қалатын еді. Әйтпесе ол уақытта қазақтардың өздері өте кедей болған. Бірақ бір жапырақ нан болса да, оны жартылай бөліп беретін», - дейді Берлин қаласының тұрғыны Яков Нус.

Ақсақалдың жары Любовь апай да қазақтарды, Қазақстанды қатты сағынып жүр екен. Өз үйіне келіп тұрған қазақтың қызын көре сала көз жасына ерік беріп, жүрегі босап кетті. Люба апай да саналы ғұмырының 40 жылын Қазақстанда, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатында қызмет атқарып өткізген.

Германияға көшіп кеткен қариялар күн сайын елден хабар алып тұратын көрінеді. Қазақстанның мемлекет ретінде қол жеткізген әр жетістігі неміс әулетін шын қуантады.

«Қазақ халқының жеткен жетістіктері жайлы жаңалық жырақта жүрсек те бізді қатты қуантады. Әлемге әйгілі Астана қаласына қарап да қуанамыз. Қазақ халқына және оның басшысына бейбіт өмір тілейміз, әлемде ешқашан соғыс болмасын. Мен білетін қазақ ұлты - достықты сүйетін өте мейірбан халық», - дейді Любовь Нус.

Яков атай әр екі жылда бір рет Қазақстанға ұшып барып, сағынышын басып тұрады екен. «Алайда соңғы кезде денсаулығым сыр беріп, туған ауылыма жете алмай, көңілім құлазып жүр» дегенді айтады ол. Көпті көрген қария өскелең неміс ұрпағына арнап, қазақ халқы жайлы кітап жазып жатқанын айтады. Өз еңбегінде ол қазақтай халықтың даладай дархан көңілі мен мейірімді адамдары жайлы айтып бермек.