«Жүрегінің оң жақта екенін 47 жыл бойы білмепті» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 17-сі, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
15 ақпан күні кешкісін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Баку қаласынан Армения Республикасының астанасы - Ереванға сапармен келді. Сапардың басты мақсаты - көршілес екі мемлекет - Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ проблемасын реттеуге ықпал ету. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Түсіністікке ашық үнқатысу арқылы» деген тақырыппен беріліпті. Аты айтып тұрғандай, мақалада Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеу мәселесі көтеріліпті. «Жиырма жылдан астам уақыттан бері Таулы Қарабақ мәселесі беделді халықаралық ұйымдар қаншама рет араласса да әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Соның салдарынан іргелес жатқан Армения мен Әзірбайжанның қатынастары күрт үзіліп, бір-бірімен байланыс жасауды мүлде доғарды. Керрек десеңіз, олар теміржол мен автокөлік қатынастарын да жасамайды. Осының салқыны екі елдің қарапайым тұрғындарына, сондай-ақ екі мемлекеттің экономикалық дамуына тиіп отырған жайы бар»,- дейді басылым.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарайдың «Ноғайлының рухани өмірі» атты мақаласының жалғасы жарық көріпті.
«Бал татыған барқыт қымыз». Осы тақырыппен берілген «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала көшпенді қазақтың көне асын өзгелер иемденіп кетпесін деген ойды ортаға салады. «Біздің айтпағымыз, қазір Батыс Еуропада қымыз ішу әдетке айнала бастаса, Берлин мен мюнхендіктер де соңғы кезде қымыздың емдік қасиетіне ден қоя бастаған. Бірақ олар қымыз деген атын өзгертіп, бие сүтінен жасалған йогурт деп атайтын көрінеді. Сөздің тоқ етері, халқымыздың сүйікті ұлттық асын арнайы бағдарлама аясында патенттеп алмасақ, оны өзгелердің иемденіп кетуі әбден мүмкін. Сан соғып қалмайық, ағайын!»,- дейді басылым.
***
«Қазақстанда кедей балалардың үлес салмағы қандай?», «Қазақстанда ең кедей балалар қайда тұрады?», «Жаһандық дағдарыс балаларға қалай әсер етті?» - ЮНИСЕФ ұйымы елімізде арнайы зерттеулер жүргізіп, Статистика жөніндегі агенттіктің ресми деректеріне үңіле отырып, осындай қызықты әрі көкейтесті сауалдарға жауап тауыпты. Жаһандық ұйымның зерттеулерінің қорытындысын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақ балалары шетелдік зерттеушілерді қайсарлығымен таңғалдырды» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, бір күнде миллионер атануды жылдар бойы армандаған Павлодар облысындағы «Альянс банктің» Баянауылдағы филиалының екі қызметкері тал түсте 12 миллион теңгені «тазы» боп шалуға тырысыпты. Егжей-тегжейін «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Банкирдің өзі баукеспе болып шықты» даген мақаладан оқыңыздар.
«Министрдің мұнысы несі?» осы тақырыппен жарық көрген «Айқын» газетіндегі келесі мақала «аюға намаз үйреткен «таяқты» адамға қолдануға бола ма? Деген уәжді алға тартады. «Денсаулық сақтау министрлігі 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік Денсаулық сақтау бағдарламасының жобасын әзірлеп, министр Досқалиев бұл жобаны таныстыруды солтүстік өңірден бастады. Петропавл қаласындағы су жаңа Қан орталығының ашылу рәсіміне барған бас дәрігер жаңа жобаның негізгі тұстарын сүйіншілей өткенмен, дәрігерлер қауымының бұл жаңалықты асқан қуанышпен қарсы алғаны байқалмаған сынды»,-дейді басылым.
***
Көңіліңіз алабұртып мұңайған шақта, өзіңізге өзіңіз сыймай қуанған шақта, алда жалда шошынып қорыққан сәтте жүрегіңіз қай тұстан дүрсілдейді? Сол жағыңыздан шығар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Сарыбай Бакенжеевтің жұдырықтай жүрегі оң жағынан соғады. Ол өзінің бойындағы бұл ерекше құбылысты жасы 50-ге таяған шақта бірақ байқапты... Жүрегі «адасқан» жан туралы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Жүрегінің оң жақта екенін 47 жыл бойы білмепті» деген мақаладан оқи аласыздар.
«MADE in KAZAKHSTAN-ды қашан киеміз?» деген сауалға құрылған «Алаш айнасы» басылымындағы келесі мақала отандық өнім мәселесін қозғапты. «90-жылдарға дейін еліміздегі 11 аяқкиім фабрикасы жылына 50 миллион дана өнім шығарып, сіз бен біздің жалаңаяқ қалмауымызды қамдастырған-тын. Халықты сапалы аяқкиіммен қамтамасыз еткен фабриканың бүгінде бесеуі-ақ қалған. Алтауы өз арбасын өрге сүйреуге шамасы жетпей, металлоломға айналып тынды. Оған нарық деген қыспақтың да аз үлес қоспағаны белгілі. Кезінде көпшілікке арнап төзімді де талапқа сай келетін аяқкиім шығарып келген фабрикалардың бүгінде мемлекеттік тапсырысқа күні түсіп отыр. Олардың еркін саудаға өнім шығаруға жүректері дауаламайды»,- дейді басылым.
«Шаңғышылар сәтсіздігіне қар кінәлі ме?». "Алаш айнасы" газетінің Ванкуверде жүрген тілшісі Нұрғазы Сасаев олимпиадалық ойындардан арнайы репортаж жасайды. Қазақстандық спортшылар қандай ойын көрсетіп жатыр, олардың бабы мен сәтсіздіктеріне не себеп болып жатыр? Толығырық гезеттің бүгінгі нөміріне назар аударыңыз.