10:48, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Жүрек дертіне шалдыққан балаларға кардиохирургиялық қайырымдылық операциялар жасалады
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда жүрек дертімен ауыратын балаларға арналып 20 кардиохирургиялық операция жасалмақ.

Бұл қайырымдылық іс-шарасы «Cuore di bimbi ? Children Hearts ? Балаларға өмір сыйла» жобасының аясында өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ДОМ» қоғамдық қорына сілтеме жасай отырып.Операцияларды Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының мамандарымен бірлесіп «Ospedali Riuniti di Bergamo» клиникасының (Бергамо, Италия) дәрігерлері жасамақ. Қайырымдылық шараның аясында жүрек дертінен емделетін бөбектер «Балаларға өмір сыйла» шарасы бойынша «ДОМ» қоғамдық қорынан көмек сұрағандардың тізімінен алынды. Оларды іріктеуге қазақстандық және итальияндық кардиохирург мамандар қатысқан. Түрлі себептерге байланысты бұл балаларды Қазақстандағы клиникаларда емдеуге болмайды. Сондықтан «Ospedali Riuniti di Bergamo» орталығының дәрігерлері бірқатар қажетті материалдар мен құрылғыларды осы операцияларды жасау үшін арнайы әкеледі. Сондай-ақ аталған акция аясында балалар кардиохирургиясы және осы саладағы жетістіктер жайында семинарлар мен дәрістер ұйымдастырылмақ.