Жүргенов атындағы академия студенттері халықаралық байқаудың жүлдесін иеленді
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Бексұлтан Кенішқалиев пен Дария Болсанбек Литвада өткен «Паланга-2019» XV-ші халықаралық әншілер байқауында бақ сынаған болатын.
«Біздің Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының »Эстрадалық вокал« мамандығының 3-курс студенті Бексұлтан Кенішқалиев пен »Музыкалық театр артисі« мамандығының 2-курс студенті Дария Болсанбек Литва мемлекетінде өткен »Паланга-2019« XV-ші халықаралық әншілер байқауына қатысып, Қазақстан өнерінің биік деңгейін тағы бір дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді. байқаудың 2 турында да ең жоғары ұпай санымен Бексұлтан Кенішқалиев - Гран-При жүлдесіне ие болса, Дария Болсанбек - І-орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтап, өнердің әлі талай биіктерінен көрінуіне тілекшімін! !» - деді оқу орнының ректоры Асхат Маемиров.
Оның айтуынша, Бексұлтан мен Дария Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, халықаралық байқауда Қазақстан намысын қорғаған.
«Жас таланттарды қолдау, ел өнерін халықаралық аренада дәріптеу - біздің еліміздің мәдени саясатындағы басты бағыттардың бірі. Ел мерейін асқақтатар - жас дарындарымыз көбейе берсін», деді ректор.
Байқауға Қазақстанмен бірге, Ресей, Израиль, Латвия, Әзербайжан, Литва, Беларусь, Армения секілді мемлекеттердің эстрада орындаушылары қатысқан.