Жүргізуші қасақана 19 адамды қағып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Қытайдың шығысындағы Фуцзянь провинциясының Цинкоу қаласында көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді қасақана қаққан.
Салдарынан 6 адам қаза тауып, 13 жарақат алды. Ажал құшқандардың үшеуі бала. Бұл туралы сейсенбі күні жергілікті БАҚ хабарлады.
Полицияның алдын ала болжамынша, Линь деген азамат бұндай әрекетке отбасындағы проблемалардың туындауы салдарынан барған.
Белгілі болғандай, Мұның алдында болған сотта әйелінің ажырасу туралы арызы қаралған. Шыға сала көлігіне отырған Линь қатты жылдамдықпен жүрген, әдейі жаяу жүргіншілердің жолына шығып кетіп адамдарды қаққан. Осылайша 2 шақырымдай жүріп өткен. Мұндай әрекеті жалғаса берер ме еді, әйтеуір көлігінің бұзылуы тосқауыл болған.
Оқиға орнына келген полицейлер Линьді бірден қолға түсіре алмады. Өйткені ол машинасындағы бензин құйылған канистр мен пиротехниканы жағып жіберемін деп қорқытқан. Қылмыскердің назарын аударудың орайы келіп, өрт сөндірушілер арнайы техникаларымен келеңсіз оқиғаның алдын алды. Ал тәртіп сақшылары болса, жүргізушіні құрықтады.