Жүргізуші куәлігінен айрылса да, көлік тізгіндеген 133 солтүстікқазақстандық қамауға алынды
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-алдын алу шарасы 5 күн өтіп, 400-ден астам полицей күнделікті рейдтерге шыққан.
«Полицейлерге жолда жүру ережелерін бұзушыларды анықтап қана қоймай, түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізу міндеті қойылды. Жол-көлік оқиғалары көбіне рөлге мас күйде отыру салдарынан болады. Сондай-ақ жиі кездесетін бұзушылықтар: жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, көше қиылыстарын дұрыс өтпеу. Жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы жол-көлік оқиғасына әкеп жатады», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Думан Таев.
«Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасының мақсаты – жол-көлік апаттарының алдын алу, Жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау.
Бес күнде Жолда жүру ережелерін бұзудың 2725 дерегін анықталды. Қауіпсіздік белбеуін тақпаудың - 459, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесудің - 383 және жылдамдықты асырудың 298 фактісі тіркелді. Бұдан басқа, полицейлер рөлге мас күйде отырған 46 жүргізушіні ұстаған. 352 бұзушылық - жүргіншілерге қатысты.
Жалпы СҚО-да жыл басынан мас күйде көлік тізгіндеген 750 адам жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 561 тұрғын бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылса да, мас күйде қайта рөлге отырған. Олардың 133-і соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынды.