Жүргізушіге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды -ІІД
АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың 17 мамырында Астана қаласында жеке такси көлігінің жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған топ ұсталды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер департаментінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
«Жәбірленуші кешкі мезгілде жол бойында көлік тоқтатып тұрған жігітке тоқтап, оның өтініші бойынша Орталық базарға дейін жеткізіп салуға келіседі. Айтылған жерге келіп тоқтай бергенде көлік жүргізушісінің жанында отырған жолаушы шалт қимыл жасап, автокөліктің кілтін суырып алған. Дәл осы кезде оны күтіп тұрған екі сыбайласы да көлікке отырып, күш қолдану, пышақпен қорқыту арқылы жәбірленуші көлік иесінен оның жеке заттарын, күртесін, айфон қалта телефонын, алтын алқасы мен 5 мың теңгедей қаражатын тартып алған», - дейді ІІД баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз. Оның айтуынша, жедел іздестіру шарасының нәтижесінде полиция қызметкерлері қарақшылық жасады деген күдікпен 3 адамды тұтқындады. Қарақшылық шабуыл жасаған күдіктінің біреуі 1992 жылы туған Астана тұрғыны болса, қалған екеуі Монғолия Республикасынан келген оралмандар. Ұсталғандарға ҚР ҚК 179-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олар 5-тен 12-жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.