Жүргізушілер автотұраққа төлемеу үшін нөмірлерін алып тастап жүрген
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы автотұраққа төлемеу үшін мемлекеттік нөмірін шешіп кетіп отырған жүргізушілерді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Алматы СпецТехПаркинг Сервис» ЖШС-не сілтеме жасап.
Бүгін Абылайхан мен Панфилов көшелері қиылысында, Қазақ-Британ техникалық университеті жанындағы ақылы тұрақта тұрған көліктерге рейд жасалды. Тұрақта нөмірсіз тұрған немесе дұрыс қойылмаған көліктерді эвакуаторлар алып кетті.
«Қала тұрғындарының арыз-шағымынан соң демалыс күндері әкімшілік полиция өкілдерімен бірге жаңа белгілер қойып шықтық. Мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерге арнап тұрақ орындарын қайта белгіледік», - деді компания өкілдері.
Олардың айтуынша, заңбұзушылықтың көпшілігі осы қиылыста тіркеледі.