«Жүргізушілерге бейнетіркегішті пайдалануды міндеттеу қажет пе?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 24 маусым, сейсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді. Ақтөбе жеріне келісімен Мемлекет басшысы өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылған, республикалық Индустрияландыру картасына енген ең ірі ақтөбелік инвестициялық жоба болып табылатын «ТНК «Қазхром» АҚ-тың жаңа ферроқорытпа зауытына, сондай-ақ басқа да бірқатар нысандарға барды. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Қазыналы өңірдің қарышты қадамдары» атты көлемді мақаланы оқып шығыңыз.
Осы басылымда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың «ҚазМұнайГаз»: өзгерістердің әлеуметтік басымдығы» атты мақаласы жарияланды. Мұнай-газ секторына республикамыздың бірқатар аймақтарының экономикалық дамуы тікелей тәуелді. Өз кезегінде, мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы осы дамудың тұрақтылығын айқындайды. Соңғы жылдары мұнай-газ саласында жұмысшылардың еңбекақысы көлеміндегі сәйкессіздіктер айтарлықтай дағдарыс нышандары мен еңбек қақтығыстарының туындауына әсер етті.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Сайтанмен» - сыбай, «Протонға» - қарсы» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Қазғарыш» «сайтаннан» өз үлесін иеленген екен. Ол ол ма, отандық соңғы ғарыш аппаратын көк сеңгіріне де сол алып шығыпты! Бұл туралы кеше Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлімдеді. Бұл жерде мәселе әрине, «ібіліс» жайында болып отырған жоқ. Т.Мұсабаев қалаулыларға бір «құпияны» хабарлады: қазақстандық спутникті күні кеше ғарышқа дәстүрлі зымыран емес, ядролық қаруды тиеп алып, жердің екінші шетіндегі мемлекетті талқандау мақсатында құрастырылған құрлықаралық баллистикалық зымыран жеткізіпті. - «Днепр» зымырантасығыштарын коммерциялық пайдалануға Қазақстанның қатысуы туралы мәселе шешілді, - деп хабарлады кеше «Қазғарыш» басшысы. - 2010 жылы «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы «Космотрас» халықаралық ғарыш компаниясының акционерлері құрамына кірді, ол әлгінде айтылған коммерциялық ұшырулардың операторы болып табылады. Түсіндіре кетсек, «Днепр» - бұрынғы РС-20, яғни «Сатана» деп аталатын баллистикалық зымырандар. РС-20 атты кеңестік стратегиялық зымыран кешені АҚШ Қорғаныс министрлігі және НАТО классификациялауы бойынша «SS-18 Mod.1,2,3 Satan» (қазақша «Сайтан») деп аталады. Бұл қаһарлы қарулардың бейбіт мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшыруларға қандай қатысы бар?
Осы басылымдағы «Көкейдегі сауал» айдарында « Жүргізушілерге бейнетіркегішті пайдалануды міндеттеу қажет пе?» деген мәселе көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда газет бірқатар азаматтардың пікірін ортаға салды. Ләззат Тұрлашев, Парламент депутаты: - Рас, қазіргі күні ел ішінде көлікке орнатылатын бейнетіркегіш (видеорегистратор) туралы алуан түрлі пікір айтылуда. Бұл - заңдылық. Дегенмен ең алдымен бейнетіркегіштің жол-көлік апаты кезінде қаншалықты пайдасы немесе зияны барын жан-жақты зерттеу қажет. Себебі бейнетіркегішке қатысты бұл мәселе әлі күнге зерттелмеген. Сондықтан мұны жол қауіпсіздігіне жауапты мекеме мамандары, оның ішінде МАИ қызметкерлері ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, бейнетіркегіштің қаншалықты пайдалы екендігін толық анықтауы тиіс. Содан соң оны пайдалану немесе пайдаланбауға байланысты ортақ шешімге келгені жөн. Қажет болса, заңдастырған артық болмайды. Әйтпесе кез келген адамның пікірін алға тартып, сол арқылы шешім қабылдау дұрыс емес.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетін шығарушы «Қызылжар - Ақпарат» ЖШС директоры Кәрібай Иманжанұлы Мұсырманмен арадағы сұхбат «Солтүстіктің» сайты оқырмандарын көбейтіп келеді» деген тақырыппен берілген. «Біз сайт ашқаннан кейін оқырмандарымызды жоғалттық деп айта алмаймыз. Қызылжар өңірінің 200 мыңдай ғана тұрғыны бар екендігіне және олардың елеулі бір бөлігінің мектепте ана тілінде оқу мүмкіндігі болмай, қазақшаға шалағай болып өскендігіне қарамастан, биыл газетіміздің таралымы 10700 данаға дейін жетті. Бұл - бірнеше жылдан бері сақталып келе жатқан тұрақты деңгей. Оның үстіне, өзіңіз айтқандай, газет сайтын ай сайын орта есеппен 19 мың оқырман қарайды екен. Теріскей өлкедегі қазақ газеті үшін әзірге жаман көрсеткіш емес сияқты. Әрине, қолда бар мүмкіндігімізді әлі де толық пайдалана алып отырған жоқпыз», - дейді ол.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Беш в ребро» атты материал басылды. Астаналық Әбділдә Қажымұратова әлемге кеңінен танылған тез әзірленетін кеспеге бәсекелес болатын өнімді даярлап шығарған көрінеді. Атап айтқанда ол экпресс-бесбармақты әзірлеудің әдісін ойлап тапқан. Қажымұратованың сөзінше, осы тағамды даярлаудың өндірісін іске қосуға ниетті инвестор да тез табылған екен.