Жүргізуші куәлігіне емтиханға eGov арқылы жазылуға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Жүргізуші куәлігін алу үшін емтихандарға жазылуды eGov және eGov Mobile қосымшаларына шығару мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің жауабында айтылған.
— Қазіргі уақытта жүргізуші куәлігін алу үшін емтихандарға жазылу «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы онлайн-режимде жүзеге асырылады. Аталған механизмнің қолжетімділігін арттыру мақсатында осы сервисті eGov және eGov Mobile-ға қосымша шығару мәселесі пысықталып жатыр, — деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, жасанды интеллект және прокторинг технологияларын қолдана отырып, теориялық емтихандарды қашықтықтан тапсыруды енгізу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыс аясында теориялық емтиханды тапсырудың күндізгі форматын таңдағанда ғана алдын ала жазылу қажет болады. Қашықтық форматында емтихан тапсырғанда орын санына шектеу болмайды және ыңғайлы уақытта тапсыруға мүмкіндік бар.
— Бұл шаралар азаматтардың емтихандарға жазылуға тең қолжетімділігін, бос орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге және делдалдық қызмет тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған, — деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар ол депутаттардың Мамандандырылған ХҚО-лардың жұмыс уақытын ұзарту ұсынысына жауап берген еді.