Журналист қолбалаға айналмасын - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Журналист қолбалаға айналмасын - баспасөзге шолу

*** «Егемен Қазақстан» газетінің айқара бетінде «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» деген айдармен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерге байланысты бір топ мақалалар беріліп отыр. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповтың, Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижановтың Жолдау туралы ойлары, сондай-ақ басқа да мемлекет қайраткерлерінің пікірлері берілген. Сонымен қатар ИТАР-ТАСС, Regnum, Интерфакс, AFN сынды халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған пікірлер де топтастырылып отыр. Қ.Жақыпов өзінің «Ауқымды әрі тарихи құжат» атты мақаласында биылғы Жолдаудың маңыздылығына жан-жақты баға береді. Жолдауды «ауқымды деуімнің себебі, онда ұланғайыр жоспарлар қойылып, мемлекеттің халыққа қандай көмек көрсететіні айтылған. Яғни, экономиканы дамыту үшін жолдарды салуға, халықтың жекелеген осал жіктері мен топтарына, шағын және орта бизнесті қолдау үшін бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвестициялардан 24 млрд. АҚШ доллары бөлінетін болды. Ал тарихи болатыны, Елбасы геосаяси жағдайды дөп басып бағалады, мемлекеттің жақын болашақтағы даму бағытын айқындады және ел басшылығының Қазақстанның тағдыры үшін саяси жауапкершілікті өзіне алуға әзір екендігін растады», - деп жазады ол.

Осы газеттің «Өте қиын жолда бәсекелестер болмайды» деген тақырыппен берілген мақалада Кентау трансформатор зауыты әлемдік нарыққа жол ашқаны туралы жазылады. Басылымның атап өтуінше, 90 жылдардың басында дағдарысқа ұшыраған зауттың жаңа тарихы 1997 жылы Alageum Electric холдингтік компаниясының негізін қалаушы Сайдулла Қожабаев келген кезде басталды. Бүгінде КТЗ Қазақстанның ауыр машина жасау саласындағы бренді десек болады. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет салмағы 110 тонна, кернеуі 110кВ, қуаты 63000 кВА электрлі машиналардың сериялы өндірісін жолға салды. Қазақстандық электр энергетикасында жаңа дәуір басталды. Мұндай кластағы және қуаттағы трансформаторларды игеру - «КТЗ» АҚ ұжымының үлкен жетістігі мен жеңісі. Әсіресе, бұл маңызы аса зор оқиға «КТЗ» АҚ-тың 55 жылдығы қарсаңында болғаны көңіл сүйсіндіреді», - деп жазады мақала авторы.

Аталған басылымның спортқа арналған бөлігінде «Азия атлеттері айбындарын асырып тұр» деген тақырыппен Алматыда өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионаты туралы беріліп отыр. Тілшінің жазуынша, 8 қарашада басталған ауыр атлетикадан әлем чемпионатының қазірге дейін 6 салмақ категориясы бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Солардың бәрінің бас жүлдесі ғана емес, жалпы медальдарының денін «сары құрлықтың» өкілдері жеңіп алды. Соның ішінде Қытай құрамасында - 3, Солтүстік Корея жамағатында - 2, ал Қазақстан спортшыларында 1 алтын медаль бар. Осының өзі бүгінде Азия атлеттерінің қазір айбындары асып, айдындары озып тұрғанына толық дәлел бола алады.

*** Қазіргі әлем мемлекеттерінің басшыларының рейтингін жасай қалса, сөз жоқ, біздің Көшбасшымыз сол тізімнің жоғары сатысына орналасар еді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Көреген басшының көші түзу» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Н.Ә.Назарбаев отандастары алдында ғана емес, сонымен бірге төрткүл дүниенің ең мықты саясатшылары мен сарапшылары алдында да зор беделге ие тұлға. Ол бұл беделге сөз жоқ, бүгінгі дүние жүзіне түгел танымал және сыйлы Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетті құрып, танытып, мойындату арқылы ие болды. Шын мәнінде, егемендігін алған кезде қазақ халқын әлемде білетіндер мүлде аз еді. Ондай танымалдығы төмен халық беделді мемлекетті қысқа мерзімде құрып шығады деген ой ешкімді де сол кездері мазаламаған шығар. Бірақ өмір ақиқатында Қазақстан Республикасы тікесінен тік тұрды, оны азулы АҚШ, іргедегі екі алып Ресей мен Қытай, діні бөлек еврейлер мен еуропалықтар толық мойындады. Осындай, яғни Қазақстан Республикасы деп аталатын танымал да сом тұлғаны жасап шығарған мүсінші сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы. Назарбаев мұндай беделді қандай қызметімен жинақтады? Бұл сұраққа жауап берер болсақ, ол былайша өрнектелер еді: А. КСРО державасы ыдырауынан кейінгі алапат рецессияны, соның салдарынан болған орасан зор жұмыссыздықты қысқа мерзімде жоя алды. Ә. Девальвацияны тежеді. Б. Гиперинфляцияны ауыздықтады. Ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы жасаған қызметтің нәтижесі осылар.

Сондай-ақ аталған басылымда «Журналист қолбалаға айналмасын» деген тақырыппен проблемалық мақала беріліп отыр. Журналист Айша Құрманғалидың айтуынша, бүгінде журналистерді телеарналардан ығыстыру үрдісі жүріп жатқандай әсер қалдырады. Небір талантты тележурналистердің көбі бүгінде жұмыссыз жүр. Ал жұмыста жүргендері кадр тасасынан шықпайды. Олардың орнын әнші, актерлер немесе басқа танымал саясаткерлер басуда... Алайда көріп жүргеніміздей, көбі журналистердің дайындап берген мәтіндерін дұрыс жеткізе алмай отырады. Сөз болып отырған мәселелер - оларға мүлде беймәлім, зерттемеген, ой-санадан өткізіп, зерделемеген жайттар... Телевизия - айна, одан ешнәрсені жасыру мүмкін болмағандықтан, мұның бәрі көрерменге анық байқалып тұрады. «Сөздің шыны керек, телеарналардағы журналистер бүгінде әнші, артистердің қолбаласына айналып бара жатыр. Бұл мәселе өз кезегінде тележурналистердің дұрыс дүние, яғни сапалы сценарий жазуға деген ынтасын да төмендететіні сөзсіз», - дейді ол. Ақиқатында, телеарналар бүгінде елдіктің бесігі болса, бізде оны қазір бұл салаға еш қатысы жоқтар тербетіп жатыр. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, әркімнің өз кәсібімен айналысуы керектігі бағзыдан айтылып келеді. Бүгінде сөзден іске көшетін кез келген сияқты. Бәлкім, журналистерді қолдау үшін әлеуметтік желілерде қозғалыс құруымыз қажет шығар. Өйткені өз мүддемізді өзіміз қорғамасақ, басқалардың мүддесін қайтып қорғамақпыз? Журналистика бұл «жұрт айтса - болды, көп айтса - көнді» дейтін көшедегі біреу емес. Ол - «халықтың көзі һәм құлағы және үні» дейтін ұлы миссияны атқаратын кәсіп иесі. Ал осы құлақтың дұрыс естіп, көздің айқын көріп, үннің ашық шығуы бүгінгі жаһанданған, түрлі қатерлер қаупі көбейіп, елдігіміз сынға түсіп тұрған уақытта өте қажет. Демек, журналистердің екінші планда қалмай, олардың қоғам өмірінде өз биігіне көтерілуі өте маңызды, дейді мақала авторы.