Журналист Н.Байырбектің жаңа кітабы жарық көрді

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Журналист Нәзира Байырбектің «Билік - биіктік емес» атты публицистикалық кітабы жарыққа шықты.

Журналист Н.Байырбектің жаңа кітабы жарық көрді

Кітапқа алғысөз жазған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет жас қаламгердің шығармашылық қызметіне ақ жол тілеп, келешегіне үлкен сенім артады. Ол қаламгердің қоғамдағы қалт еткен жайттарды дер кезінде көре біліп, оқырманмен ой бөлісіп отыратын қасиетін айтып өткен.

Жинақ «Ой толқындары», «Сара сөз» және «Тағзым» атты үш бөлімнен тұрады. Кітаптағы мақалалар мен ой толғамдардың тақырыптарынан да көп жайтты аңғаруға болады. «Жаһандану: әлем халықтары», «Қазақстан азаматы» деген атқа лайықпыз ба?», «Тәуелсіздік күні - теңдессіз мереке», «Қазақ тілін қайыршыдан талап ететін болыппыз» деген тақырыптардан мемлекет пен ұлт мүддесі көрініс тапқан. Сонымен қатар автордың ұлттық тәрбиені дәріптейтін «Ат қоятын алтын жеңгем қайда жүр?», «Жақсы өнеге қарттарда ма, әлде...», «Әкеңнің өсиет еткені әкімгершілік пе еді?», «Апай» дегеннің несі айып?», «Ойыншық мәселесін ойыншық көрмеуіміз керек», «Бесігінен безінген ұлттың болашағы бұлыңғыр», «Жақынын жатқа қимас жұрт емес пе ек?!» және басқа да туындылары оқырман тарапынан жоғары бағасын алады деп ойлаймыз.

«Тағзым» бөлімінде тәуелсіз мемлекетіміз бен қазақ халқы үшін айрықша орын алатын тарихи тұлғалар туралы мақалалар топтастырылған.

Айта кету керек, Тәуелсіздік жылдарында білім алып, жаңа заманға сай жетіліп келе жатқан журналист еңбек жолын 2001 жылы «Жас Алаш» газетінен бастаған. Одан кейін «Қазақ әдебиеті», «Ақжол Қазақстан», «Айқын» газеттері мен «Жалын» журналында қызмет атқарды. Бүгінгі таңда Нәзира - елордалық «Астана ақшамы» газетінің белді журналистерінің бірі. 

Кітапты шығарған Астана қаласындағы «Профи Медиа» баспасы. Жинақ 255 беттен, 15 баспа табақтан тұрады.