Журналист, сыншы Әлия Бөпежанованың шығармалар жинағы жарық көрді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ә. Бөпежанованың ҚР Мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген шығармалары 2 кітаптан тұрады. Онда автор өнердің тәрбиелік міндетін қоғамның рухани-эстетикалық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. «Өнер - жеке тәжірибе» деп аталатын бірінші кітабында көрнекті суреткерлер, замандас жазушылар мен режиссерлердің шығармашылықтарын сөз етеді. Ал, «Мәдениет - жасампаз сана» атты екінші кітабында сыншының А. Сүлейменов, Дж. Сорос, Ә. Мәмбетов секілді бірқатар тұлғалармен сұхбаттары және көркем аудармалары топтастырылған. Сарапшы Ә. Бөпежанова оқырмандарына кітап жобалары ретінде «Парасат падишасы», «Кек», «Болмыспен бетпе-бет» және «Кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов» сынды альбом кітабын ұсынған.
«Бүгінгі күні әдеби сын деңгейі төмендеп, теперіш көруде. Туындыларды талдау мардымсыз. Соған сай рухани әлеміміз де қатты құлазып тұр. Осы тұрғыдан алғанда, біздің Әлия қай жанрда болмасын, талмай қалам тербеп, өз бағытынан таймай, бір қалыппен келеді», деді жиында сөз сөйлеген белгілі сахна сыншысы Әшірбек Сығай.
Сыншы, мәдениеттанушы, аудармашы, журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Журналистика академиясының академигі Әлия Бөпежанова туындылары әдебиет пен мәдениетті, өнерді насихаттауға бағытталған.