Журналистер арасында өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Даму-Еуразия» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен журналистер арасында өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конкурс нашақорлық пен есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмысына белсенді араласқан тілшілер мен корреспондеттер арасында өткізілді.
«Нашақорлыққа қарсы үгіт-насихатқа және Қазақстанда салауатты өмір салтын қалыптастыруға БАҚ өкілдерінің атсалысуы аталмыш әлеуметтік көрініске қарсы жасалған күрестің ең тиімді тәсілі», дейді ұйымдастырушылар. Байқаудың негізгі ой-мақсаты БАҚ өкілдерін осы бір іске ынталандыру, олардың белсенділігін арттыру.
Байқау бірнеше аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. Нашақорлық тақырыбын қозғаған үздік телебағдарлама, телефильмдер мен репортаждар аталымында бірінші орынды Дмитрий Двойнов «Есірткі тасқыны» фильмі үшін алса, екінші орынды Талғат Кірбетов, үшінші орынды Алмагүл Қалиева алды.
Үздік радиобағдарлама, радиорепортаж аталымында бірінші орынды «Бозбала мен есірткі» бағдарламасы үшін Еркен Сыздықов иеленді, екінші-үшінші орындарда Ұлағат Ханзадаев пен Ольга Асхожина.
Үздік теле, радиороликтер аталымы бойынша бас жүлдені Гүлвира Бекқұлиева қанжығасына байлады. Айсұлу Мусина екінші, Арман Мақанов үшінші орынды бөлісті.
Ал «Нашақорлыққа қарсы ең тиімді науқан» бойынша Наталья Наумова үздік атанды.
Басылымдарда жарық көрген мақалалардың ішінде Наталья Денисованың «Шырмауық» атты мақаласы үздік атанды. Ләззат Кемелбаеваның «Түрмеден тағы есірткі табылды» мақаласы мен Фаина Сапожникованың «Ине ұшындағы пейіш» мақаласы тиісінше екінші, үшінші орындар алды.