Журналистер бір күн ішінде әскери дағдыларды үйренді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Құрлық әскерлері Әскери институты оқу-жаттығу орталығында Алматы қаласының БАҚ өкілдері үшін қызыққа толы баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Журналистер бір күн ішінде әскери дағдыларды үйренді

Белсенді және салауатты өмір салтын, әскери-қолданбалы спорт түрлерін дәріптеу және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимылды әрі қарай сапалы нығайту баспасөз турының негізгі мақсаты болған.null

«Журналистер үшін үш кезеңді әскери-спорттық ойын ұйымдастырылды. Олар жеке қорғаныс құралдарын кию, кедергілер жолағынан өту, оқу гранаталарын лақтыру, сондай-ақ қарумен нысана көздеу бақ сынасты», делінген хабарламада.null

Әскери-спорттық ойынға 9 құрама команда қатысты. Олардың әрқайсысына 4 журналист пен әскери институттың 1 курсанты кірді.

Сайыс нәтижелері бойынша «Хабар» және «Еуразия» телеарналарының құрама командасы бірінші орынды, «Қазспорт» телеарнасының командасы екінші орынды және «Ұлан» газетінің командасы үшінші орынды еншіледі. Баспасөз турына қатысушылар грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды.

null