Журналистер Бурабайдың туристік әлеуетімен танысады
АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - 8-9 ақпан күндері ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы туризмді дамыту саласындағы стратегиялық бағдарламалар мен жобалардың таныстырылымына арналған баспасөз туры өтеді.
Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара Бурабайдағы Rixos Lake Borovoe халықаралық кластағы жаңа қонақүйінің базасында өтеді. Оған қатысушылар Бурабай ұлттық саябағының визит-орталығында, Абылай хан мұражайында, Пантамен емдеу және марал өсіру шаруашылығы орталығында болып, бұғылар жегілген саяхатты тамашалайды.
Тур ауқымында «Қазақстанның туристік бренді», «Старт-ап жобалары конкурсы», «Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жалпыұлттық байқауларының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты болады.
Шараға ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің бейіндік департаменттерінің басшылары қатысады. Сапар соңы дөңгелек үстелмен қорытындыланады, онда Қазақстанда туризмді дамытуға байланысты кең ауқымды мәселелер қозғалады.