Журналистерді аккредиттеу тәртібі өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM – БАҚ өкілдерін іс-шараларға тіркеу қағидаларына өзгерістер енгізілмек. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. 

Журналистерді аккредиттеу тәртібі өзгереді
Фото: Eгемен Қазақстан

Журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді. 

«Аккредиттеуші ұйым қызметінің ерекшелігін ескере отырып, журналистерді аккредиттеуді жүргізуге өтініштерді қабылдау және қарау тәртібін, оның ішінде мерзімін де белгілейді», - делінген қаулының түсіндірме жазбасында. 

Аккредиттелген БАҚ өкілдері келесі шарттарды сақтауы тиіс: 

– аккредиттелген мемлекеттік органдар мен ұйымдардан алынған ақпаратты оның атынан аккредиттеуге тиісті өтініш келіп түскен бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жинау және тарату;

– аккредиттеуші ұйым жүргізетін іс-шаралар регламентінің сақталуы;

– аса маңызды мемлекеттік объектілер мен стратегиялық объектілердің өткізу және ішкі режимін сақтау. 
Қандай жағдайда аккредиттеуден бас тартуы мүмкін:

– бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұру не тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;

– аккредиттеу тәртібінде көрсетілген құжаттарды ұсынбау; 

– есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралдарының тізімінде болмауы. 

«Журналистерді аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі бірыңғай медиа платформа арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, медиа платформада қазақ және орыс тілдерінде аккредиттеуді жүргізуге өтініштерді қабылдауды бастау туралы хабарландыру орналастырылады. Журналистерге «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 1-тармағына сәйкес масс-медиа саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен аккредиттеу карталары беріледі», - деген түсініктеме берілген жобада. 

Қаулы жобасы 1 тамызға дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр. 

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 19 маусымда «Масс-медиа туралы» заңға қол қойған еді. 

Соңғы жаңалықтар