Журналистерге арналған «Азаттық дауысы - 2009» атты орталықазиялық байқау жарияланды
АЛМАТЫ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы ең үздік адам құқығы туралы жазылған мақалаларға байқау жариялады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқау 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол адам құқығы саласында қалам тартып, құқық қорғау тақырыбында материал дайындап жүрген журналистер мен тілшілерді қолдауға, көңіл аударуға, марапаттауға арналған. Байқауға 2008 жылдың желтоқсан айынан бүгінгі күнге дейін газет және интернет беттеріне жазылған мақалалары, сонымен қатар, орталықазиялық аймақтардағы БАҚ-дың да жұмыстары қабылданады. Олардың жұмыстарын заңгер, адвокат, құқық қорғау мамандары және еліміздің әр аймақтарындағы БАҚ редакторларынан құралған әділ қазылар алқасы бағалайтын болады.
Өтініштер қараша айының 30-на дейін қабылданады. Ең үздік мақалаға ақшалай сыйлық табысталады. Байқау қорытындысы желтоқсанда, Бүкіләлемдік адам құқықтары күні шығарылып, жеңімпаздар марапатталады.