Журналистік байқау елдегі әлеуметтік саясатты қандай бағытта дамыту керектігі туралы тың ойлар салды
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Журналистік байқау елдегі әлеуметтік саясатты қандай бағытта дамыту керектігі туралы тың ойлар салды. Қазақстанда мүгедектердің құқықтарын жүзеге асыру тақырыбындағы ең үздік материалдарға өткен республикалық байқауға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпова осындай баға берді.
Байқау БҰҰ Даму бағдарламасының және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен, Қазақстан Журналистер одағының атсалысуымен мамыр айында жария етілген болатын.
Бүгін қорытындысы жасалған баспасөз мәслихатында республикалық мерзімді БАҚ-та жарияланған қазақ және орыс тіліндегі үздік деп танылған 6 мақаланың авторларына ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Байқауға келіп түскен мақалалардың ішінде мүгедектер қатарындағы балалардың, әйелдер мен спортшылардың түрлі өмірлік қиындықтары мен өзекті проблемаларын шеберлікпен көрсете алған материалдар көп болды. Журналистік жұмыстар қоғамды ғана емес, құзырлы орган ретінде біздің де көңілімізді аудартып, елдегі заңнаманы, әлеуметтік саясатты қандай бағытта дамыту керек екенімізге жаңа ойлар салды», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпова.
Оның айтуынша, жаңа пікірлер мен ұсыныстардың БАҚ-та жариялануы «Мүгедектер құқығы туралы» халықаралық конвенцияны ратификациялауға арналған ұлттық жоспарды жасақтау үстінде жүрген министрлік үшін өте өзекті.
Жеңімпаз ретінде Солтүстік Қазақстан облысының «Есіл өңірі», Ақтөбе қаласының «Диапазон», Астана қаласының «Заң» газеттері, Қостанайдың «Қостанай», Атыраудың «Прикаспийская коммуна» және «Түркістан» газеттері тілшілерінің аттары аталды.
Елімізде қазан айының екінші жексенбісі Мүгедектер күні деп белгіленген. Бұл күн қоғамды, мемлекеттік органдарды, халықаралық қауымдастықты мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасына назар аударту және мүгедектерді өмірдің барлық салаларына ықпалдасуына жағдай жасау үшін аталып өтіледі. Ресми деректер бойынша, Қазақстан халқының 3 пайызы мүгедектер санатына жатады. 2008 жылғы арнайы әлеуметтік қызметтер туралы заңнын аясында мүгедектерге көрсетілетін қызметтерді дамытуға 3 жыл мерзімге 30 млрд. теңге бөлінген.