Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Журналистика және ЖИ: Президент телерадиокешенінің жобалары Санкт-Петербургтегі медиафорумда таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — III Қазақстан–Ресей медиафорумы аясында өткен «Жасанды интеллект пен жалған ақпарат дәуіріндегі журналистиканың келешегі мен сын-қатерлері» атты панельдік сессияда «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған контент өндірудің заманауи тәсілдері мен ҚР Президенті телерадиокешенінің халықаралық ақпараттық кеңістіктегі қамту аясын кеңейту бағытындағы жобалары туралы баяндады.

Журналистика және жасанды интеллект: ҚР Президенті телерадиокешенінің жобалары Санкт-Петербургтегі медиафорумда таныстырылды
Фото: Kazinform

Еркежан Күнтуған өз сөзінде цифрлық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылған бірқатар табысты жобаларға тоқталды. Солардың алғашқысы — ҚР Президенті телерадиокешені мен China Media Group бірлесіп іске асырған Silk Way Star халықаралық музыкалық жобасы. Бұл жоба әлем бойынша 1 миллиардтан астам қаралым жинады. Биыл аталған музыкалық шоудың екінші маусымын China Media Group жүзеге асырып жатыр. Түсірілімдер Қытайдың Иу қаласында өтіп жатыр.

Оның айтуынша, жасанды интеллект құралдары бүгінде контентті әртүрлі тілдерге аудару, жергіліктендіру және дыбыстау жұмыстарында кеңінен қолданылады. Қазақстандық және қытайлық жасанды интеллект платформалары осы міндеттерге бейімделген. Соның нәтижесінде контент өндірісі едәуір жеделдеп, халықаралық аудиторияға арналған материалдардың сапасы артып, оларды алты тілде ұсынуға мүмкіндік беріліп отыр.

Форум барысында таныстырылған тағы бір ауқымды жоба — қазіргі уақытта Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары». ҚР Президенті телерадиокешенінің техникалық тобы халықаралық аудитория үшін жарыстарды бірден төрт ірі спорт аренасында телетүсіріліммен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар эфирді безендіруде жасанды интеллект технологиялары мен AI-графика кеңінен қолданылып отыр.

Еркежан Күнтуған «Болашақ ойындарының» трансляциясын әлемнің 118 еліндегі көрерменге жеткізуге қосқан үлесі үшін «Газпром-Медиа» мен «Газпром ғарыштық жүйелері» компанияларына алғысын білдірді.

Жасанды интеллект инклюзивті жобаларды жүзеге асыруда да тиімді қолданылып келеді. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі «Фиксиктер» балалар анимациялық сериалына есту қабілеті бұзылған көрермендерге арналған сурдоаударма жасалып, «Маша мен Аю» мультсериалының қазақ тіліндегі өзіндік дыбыстау нұсқасы әзірленді.

Сондай-ақ Еркежан Күнтуған ҚР Президенті телерадиокешені қызметкерлерінің жасанды интеллект технологияларын меңгеруіне ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта халықаралық серіктестермен, соның ішінде Al Jazeera және China Media Group медиакомпанияларымен ынтымақтастық орнатылған. Аталған ұйымдардың мамандары Астанада телерадиокешен қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту тренингтерін өткізген.

— Технологиялар ақпаратты жинауды, өндіруді және түрлі аудиторияға бейімдеуді әлдеқайда жылдамдатады. Алайда қоғамның сенімі, ақпараттың шынайылығын тексеру, журналистік этика мен жауапкершілік әрдайым адамның қолында қалуы тиіс, — деп түйіндеді Еркежан Күнтуған.