Жұрттың көпшілігі болашағын қазақ тілімен байланыстырады - Р. Минулин
АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Мен Қазақстан азаматымын, егер болашақта да осында қалатын болсам қазақ тілін білу мен үшін маңызды.
Бұл жайында бүгін "Let´s spek қазақша" жастар кеңесінің үйлестірушісі Руслан Минулин Алматыда өтіп жатқан «Интернеттегі қазақ тілін дамыту жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында айтты.
Баяндамасын бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізген Руслан жиынға қатысушылардың үлкен ықыласына бөленіп, өзінің қазақ тіліне деген құрметінің зор екендігін білдірді.
Р.Минулин "Let´s spek қазақша" деп аталатын жобаларының қазақша үйренгісі келген жандарды өздігінен үйренуіне көмектесетіндігін айтып өтті. "Қазіргі күні қазақ тілінің рөлі мен маңызы өте зор. Мен қазақ тілін үйренгісі келетіндерден "тілді не үшін үйренгің келеді?" деп сұрағанымда, адамдардың көпшілігі болашағын осы тілмен байланыстыратындығын жеткізді. Сонымен қатар кейбір адамдар қазақ тілін үйренуге бос уақытым жоқ, жақсы оқулықтар жоқ дегендей себептерін айтып жатады. Дегенмен, адамда ықылас болса уақыт та, мүмкіндік те табылады", -дейді үйлестіруші.
Сондай-ақ ол көптеген достарының Facebook, M-agent сынды әлеуметтік желілерде отыратындығын және қазақ тілін үйретуді сол жерде қолға алсақ өте тиімді болар еді деген ойын жеткізді. "Мысалы, мақсатты топ құрып көп уақытын әлеуметтік сайттарда өткізетін кеңселік қызметкерлерге арнап сол сайттарда арнайы тіл үйрететін беттер ашып, ол жерде қызықты сұрақтарды қазақша талқылайтын болсақ, онда қазақ тілін үйренемін деушілерге өте жақсы, әрі қызықты болар еді", -дейді Р.Минулин.
Мұндай істер өз нәтижесін беретіндігін айта келе ол қазақ тілін тартымды, әрі жағымды, түсінікті әдемі қалыпта жеткізетін болсақ, ол жұртшылықтың үлкен сұранысына ие болар еді деген пайымда. "Егер мен біреуді қазақ тілін үйрен деп мәжбүрлейтін болсам, сөзіме көп ешкім құлақ аса қоймауы мүмкін, ал оны жақсы жолмен жеткізсем нәтижесі басқаша болар еді", -дейді ол.
Жобаның үйлестірушісі сонымен бірге елдің әр аймағындағы адамдарға инетернеттің қолжетімділігін толықтай қамтамасыз ету керектігін де алға тартты.