«Жусан иісі» сатылымға шығады» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Биыл еліміз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына жиырма жыл толғанын атап өтті, сондай-ақ ұйымдарда әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Дегенмен, күнделікті өмірімізде мұндай шаралардың мерейлі даталарға ғана орайластырылмай, теле-радио арналары мен толқындарында, баспасөз беттерінде, т.б. үнемі көтеріліп тұруы қажет деп білеміз. Қазақстанның «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңына сәйкес елімізде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiне құрметпен қарауды қалыптастыру көзделген, яғни: «Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн құрметтеуге мiндеттi», деп тасқа таңба басқандай жазылған»,-делінген «Егемен Қазақтан» басылымының бүгінгі санындағы «Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - міндетіміз» атты мақалада.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, қазақ даласының жұпар иісі - бір құтыда. Қазақстандық жас ғалымдар кең байтақ жерімізде жабайы өскен өсімдіктерден эфир майларын ала бастады. Енді қақаған аязды күні де шалғын шөптің қайталанбас иісіне әбден қанығуға болады. Өнертапқыштар алғашқы эфир майларын патенттеп те қойды. «Қазақ даласының хош иісі» брендімен енді ол еңбектерін шетелге де таныстырмақ. Аталмыш жобаның иесі - жас ғалым Ерлан Сүлейменов. Бұл жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Жусан иісі» сатылымға шығады» атты мақаланы қараңыз.
Осы басылымның бүгінгі санында «Арандатушылар ауылда жүр» атты мақала жарық көрді. Газеттің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласының тұрғындары Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың, Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шарифтің, ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтің атына жазылған үндеу мәтінін жіберді, оған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бастығы, мәслихат депутаттары және тағы бірқатар жергілікті атқамінерлер қол қойыпты. Үндеуде сарыағаштықтар діни ағымдар, секталар, бүгінгі таңда әлем халықтарын алаңдатып отырған мәселеге айналғанын тілге тиек ете отырып, ел арасына іріткі салатын діни секталардың көбейгеніне алаңдатушылық білдірді.
***
«Компьютерсіз, ғаламторсыз мына заманда өзімізді не қолсыз, не аяқсыз мүгедек сияқты сезінетініміз рас. Десек те, ақпарат алмасып, құжат берісуге болмаса, бесіктен белі шықпай жатып денсаулығын құртатын бүлдіршіндерге бұл желі мүлдем арналмаған. Шетелдік мамандар да бұл мәселеге қатты алаңдап отыр. Себебі жасөспірімдер арасында невроз бен психоздың түрлері күннен-күнге дендеп барады. Болашақ мәселесін көтеріп отырған бұл өзекті мақала «Алаш айнасы» газетінде «Контр-Страйктен асық атқан артық еді ғой» деген тақырыппен берілген.
Еліміздің жасыл экономикаға көшу стратегиясында мал шаруашылығына айрықша көңіл бөлу керек. Бұл туралы «Алаш айнасына» сұхбат берген Су шаруашылығын үйлестіру комитетінің ғылыми-зерттеу орталығының Қазақ филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев айтты. «Бүгіндері мал өнімдерін алудағы нағыз таза экологиялық жер Қазақстан екен. Өйткені еліміздің 270 млн гектар жерінің 140-150 млн гектары - жайылым. Сондықтан жайылымды байлықтың көзі ретінде есептеу керек. Ал жайылымнан, төрт түліктен таза өнімдер алуға болады», - дейді ол. Сонымен бірге Қыпшақбаев бұл сұхбатында су шаруашылығын басқару ісіне қатысты көзқарасын білдіреді: «Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратында да, «салалық комитеттерді қосып аламын» деп жүрген экологтарда да, бір де бір су маманы жоқ. Сонда олар қалай суды басқармақшы? Су деген ойнайтын нәрсе емес. Тағы қайталап айтамын, су мәселесін бұлайша төменгі деңгейге қою - жаңсақтық. Талай жыл су министрі болдым. Барлығына сөзімізді өткіздік. Су мәселесі қатты қадағаланды. Қазақстанның су шаруашылығы дамыды. Осындай тірнектеген еңбекпен келген дүниені неге жоя беруіміз керек? Қазір судың жайын кімнен сұрарымызды білмейміз».