«Жусан» операциясы: Тағы бір отандасымыз Сириядан 4 баласымен елге жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Сириядан 4 баласы бар тағы бір отандасымыздың елге жеткізілгені туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: mfa.tj

Бұған дейін Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі Сириядан 104 адамның отанына оралғаны туралы мәлімет таратқан болатын.

«Сонымен қатар Қазақстан тарапының өтініші бойынша осы рейспен Сириядан Тәжікстанға Қазақстан Республикасының 5 азаматы (анасы және 4 баласы) жеткізілді», - делінген еді Тәжікстан СІМ мәліметінде.

Осыған орай бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында БАҚ өкілдері ведомствоның ресми өкілінен аталған ақпаратты нақтылауды өтінген еді.

«Иә, растаймыз. Бұл бірнеше күн бұрын болды және олар қазір Қазақстанға жеткізілді. Қазіргі уақытта олармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Мұның бәрі «Жусан» операциясының аясында. Қазақстан Сирия аумағынан азаматтарын эвакуациялауды жалғастыруда», - деп жауап берді Айбек Смадияров.


Соңғы жаңалықтар