«Жусан» операциясы: Елге оралғандардың басым бөлігі радикалды көзқарастан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы аясында оралған азаматтардың басым бөлігі радикалды көзқарастарынан бас тартып, қоғамға бейімделіп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінен мәлім етті.
- 2019 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде құзырлы органдардың шетелдік әріптестермен тығыз өзара іс-қимылы нәтижесінде «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы сәтті жүзеге асырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ дін мамандарының бірлескен күш-жігерінің арқасында қазіргі таңда репатрианттардың басым бөлігі радикалды көзқарастарынан бас тартты. Көбісі Қазақстанның дәстүрлі ислам бағытын ұстанады. Олардың арасында қоғамдағы радикалды діни және экстремистік көзқарастар мен идеяларды қабылдамау ахуалы қалыптасқан, - деді комитеттен агенттік сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, өңірлерде әйелдердің әлеуметтік-экономикалық бейімделуіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан оларды бейбіт өмірге бейімдеу және қоғамға кіріктіру мақсатында түрлі қолдау шаралары ұйымдастырылылады. Атап айтқанда, әйелдер үшін оқыту курстары өткізіліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Кәсіпкерлік қызметті бастауға гранттар беріліп, жекелеген отбасыларға тұрғын үй мәселесін шешуге қолдау көрсетіледі.
- Сонымен қатар қоғамдық қорлар, демеушілер мен түрлі ұйымдар тарапынан мұқтаж отбасыларға киім-кешек пен азық-түлік түрінде көмек көрсетіледі. Мешіттер де қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Діни мерекелер кезінде, соның ішінде Құрбан айтта азық-түлік таратылып, репатрианттардың балаларына оқу жылына дайындалуға көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, балалар мектеп формасы мен кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі, - делінген жауапта.
Комитет бұл шаралар репатрианттардың бейбіт өмірге бейімделуіне және қоғамға кірігуіне бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін елімізде діни ілім беретін қандай оқу орындары бар екенін жазған едік.