Жүсіпов Әлем чемпионатындағы өнерін жеңіспен бастады

69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі айқаста оның қарсыласы мысырлық боксшы Валид Саид Мохамед болды. Абай мектебінің тәрбиеленушісі өзінің шеберлігін көрсете алды. Төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіс қазақстандық спортшыға берілді, деп хабарлайды Sports.kz .
Абылайхан енді 1/8 финалда италиялық Винченцо Манджакапремен кездеседі. Жекпе-жек 28 тамыз күні өтеді.
Бұған дейін өзінің алғашқы кездесуін 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Әділет Құрметов өткізген болатын . Төрешілер жеңісті қарсыласы - грузин Отар Ераносянға берді.
Бүгін қазақстандық тағы бір спортшымыз 52 келі салмақ дәрежесіндегі (1/16 финал) Азамат Исақұлов жекпе-жек өткізеді. Ол Оңтүстік Корея боксшысы Инкью Киммен жұдырықтасады.
Еске салайық , 25 тамыз күні шаршы алаңға алғашқы болып шыққан 49 келіге дейінгі салмақтағы боксшымыз Ержан Жомарт гватемалалық қарсыласы Майкл Телье Тельені қапы қалдырса, 56 келіде сынға түскен Қайрат Ералиев те бірінші айқасын жеңіспен бастады. Ералиев бірінші жекпе-жегінде мексикалық Кристофер Флорес Магананы айқын басымдықпен ұтты.
Әлем чемпионатында үшінші болып рингке шыққан 75 келілік боксшымыз Әбілхан Аманқұл да қарсыласы - австралиялық Кэмпбэлл Сомервилді айқын басымдықпен жеңген болатын.
Сондай-ақ 64 келіге дейінгі салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов байрақты додадағы жарысын жеңіспен бастады.
Еске салайық, 25 тамыз күні басталған Бокстан әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады. Олар - 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келі салмақта Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев.
Жарысқа әлемнің 85 елінен 280 боксшы келген.