Жүйкем тыныш болсын десеңіз...

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамның жүйке жүйесінің тозуы оның бүкіл ағзасына теріс әсерін тигізеді. Күйзелістер, шектен тыс шамдану тұтас ағзаның әлсіреуіне әкеледі. Соның салдарынан түрлі аурулар туындайды. Қазіргі таңда дәрігерлер жүйке жүйесін нығайтатын бес негізгі тағамдар тобын айқындады, деп жазады segodnya.ua.

Жүйкем тыныш болсын десеңіз...

Бірінші топқа В1 дәрумені кіреді, ол қарақұмық жармасында, сұлы ботқасында, шошқа еттерінде және қара нанда көп. Екінші топтағы В2 дәрумені жүйке жүйесі үшін ақыл-ой еңбегінен көп күш түскенде таптырмас ем екен. Оған бұршақ тұқымдастары, саумалдық, сыра ашытқысы, өріктер, жұмыртқа өнімдері жатады. Бұл өнімдерді пайдаланбайтын адамның көңіл-күйі төмендеп, басы ауырып, өзін әлсіз сезініп жүретін көрінеді. Ал мына қым-қуыт заманда күйзелістен арылу үшін және эмоциялық тұрғыдан жеңілдікті сезіну үшін В12 дәруменін пайдаланған жөн, дейді дәрігерлер. Ол теңіз өнімдерінің, жүрек, бауыр, бүйрек сияқты мал өнімдерінің және жұмыртқаның ақуызында мол. Бұл өнімдерді тұтыну мидың интеллектуалдық жұмысын қалпына келтіріп, адамның есте сақтау қабілетін жақсартады екен. Сондай-ақ олардың көңіл-күйге де оң әсері бар. Аталмыш тағамдарды тұтынбасаңыз, сіздің Альцгеймер ауруына шалдығуыңыз қаупі артады екен. Сүт және барлық сүт өнімдері кальцийдің көзі болып табылады. Ал ағзада бұл минерал жетіспеген жағдайда адам мазасызданып, ашушаңдыққа бой алдырады. Жүйкенің қалыпты қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті пайдалы тағамдардың соңғы тобын құрамында йоды бар ас өнімдері құрайды. Оған барлық теңіз өнімдері, атап айтқанда, теңіз қырыққабаты мен теңіз балықтары жатады.