«Жүз күндік жалғыздық» атты кітап жарыққа шықты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада абыз жазушы Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған кеш өтті. Кеш аясында журналист Жұмабек Мұқановтың «Жүз күндік жалғыздық» атты кітабының тұсауы кесілді.
Кітап заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың өміріне арналған.
«Мен ақпарат құралдарында қазалы күндердің шежіресін жариялай бастағанда, маған бірталай кісі қоңырау шалып, «бұл кітапқа сұранып тұрған дүние екен» деді. Сондықтан, жинап, кітап қылып шығардым. Туындының небәрі бір аптада жарыққа шығуына мұрындық болған Рақымжан Отарбаев»,-дейді Ж.Мұқанов.
«Әбіш ағаның жетісі Ақтауда өтті, қырқы Алматыда өтті. Жүзі Ақтауда өтетін болды деп естіген соң, осы кітапты шығарып, 2000 данамен асында тараттық»,-дейді Ж.Мұқанов.
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жыл 6 желтоқсанда Маңғыстау облысында туған. 2015 жылы 76 жасында өмірден озды. Әбіш Кекілбаев - Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Әбіш Кекілбаев Шыңғыс Айтмановтың «Ерте келген тырналар», Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романдарын аударған. Қазақ халқы үшін көзі тірісінде ғасыр жазушысына айналған.