«Жүз күнгі жұмыстың жүйелілігі - іскерліктің белгісі» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 4 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Міне, тағы бір жылды тарих қойнауына қаттап, кезектісіне кірісіп те кеттік. Ал осы бір аралықта әркім өткен жылға өлшеммен қарап, саралап-салмақтап, таразылайтын әдеті. Біз де бұл жыл несімен есте қалды, қандай жұмыстар атқарылып, не тындырылды дегендей сауалдарға көз жүгіртіп көрген едік, ұлу жылы ұлтымыз үшін жалпы жаман болмағанын аңғардық. Яғни, қай салада болмасын жетістігі мол аталмыш жыл ел есінде айрықша сақталары сөзсіз. Ескі жылдың ерекше еске түсетін оқиғаларының бірі - ел Үкіметінің ауысуы. Бір айта кетерлігі, сол жаңа Үкіметтің қызметке кіріскеніне тура жаңа жылда жүз күн толды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Жүз күнгі жұмыстың жүйелілігі - іскерліктің белгісі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жаңа Үкімет жұмысқа кіріскен алғашқы кезеңнен-ақ ел үшін аса маңызды құжат елдегі барлық бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған жаңа үшжылдық бюджет жобасын қабылдап, оны барынша тиімді іске асыруға күш салды. С.Ахметовтің Парламентте өткізген алғашқы Үкімет сағаты да осы бюджет жобасын бекітумен дөп келді. Онда ол депутаттардың бюджет қаржысын тиімді пайдалану, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, бюджетті сапалы орындаудағы әкімшілер жауапкершілігін арттыру, бюджет қаржысын пайдаланудағы жариялылықты қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы нығайту, тағы басқа да мәселелерге қатысты сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Осы басылымның жазуынша, Петропавл қаласында 20-ға жуық мектепке дейінгі тәрбие мекемесі бар деп есептелсе, біреуі ғана таза қазақ тіліндегі шаңырақ-тын. Жуырда екі қабатты жаңа балабақша бой көтеріп, тәлім-тәрбие тек мемлекеттік тілде жүргізілетін болды. Оның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Серік Біләлов Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа саяси бағытын дәйектеп берген Жолдауында сауаттылығы жоғары елге айналу міндетін қойғанын, бұл орайда білім беру саласындағы басымдықтардың тың әдістері белгіленгенін, «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде бүгінгі күні 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 86 пайызы балабақшаларға баратынын, 2015 жылға таман толық қамтылатынын жеткізді. Мақала «Мемлекеттік тілдегі балабақша» деген тақырыппен берілген.
***
«Жаңа жыл түнінде пеард жарылуынан Алматыда 15 адам, 7 ересек пен 8 бала зардап шекті», - деп жазады «Казахстанская правда» «Пострадали от петард» деген тақырыптағы мақаласында. Қалалық ТЖМ баспасөз қызметінің бас маманы Айнұр Абдуллинаның сөзіне қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда Жаңа жыл түнінде пиротехникадан зардап шеккендердің саны екі есеге қысқарған. «Мереке қарсаңында біздің департаменттің қызметкерлері халықпен пиротехникалық бұйымдарды пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді», - деді ол.
***
«Известия-Казахстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Сомнительная слава» деген тақырыптағы мақалада «Әділ сөз» Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры өзінің жоғалуын өзі ұйымдастырған журналист Тоқберген Әбиевті қара тізімге енгізгендігі жайында айтылған. 2012 жылдың 20 желтоқсаны күні Тоқберген Әбиевтің жоғалып кеткендігі туралы дабылды Қазақстанның журналистер қауымдастығы, отандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары соқты. Астана полициясы мереке алдындағы жүктемеге қарамастан оны іздеп-табуға өзінің мықты деген қызметкерлерін салды. Дегенмен, 31 желтоқсан күні Әбиев табылды. Белгілі болғандай, ол өзінің қызметіне назар аударту үшін өзін-өзі «ұрлаған». Оның отбасы, достары және әріптестері өздерін қоярға жер таппай жүргенде ол дін аман жалдамалы пәтерде жасырынып отырған. «Әділ сөз» Сөз бостандығын қорғау қоры Әбиевтің бұл қылығын этикалық және кәсібилік тұрғыдан жол беруге болмайтын әрекет деп есептеп, оны «қара тізімге» енгізді.