Жүздеген қазақстандық Мұса Жәлелге арналған халықаралық әдеби байқауға қатысты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда «Жәлел жұлдызы» атты бірінші халықаралық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүздеген қазақстандық Мұса Жәлелге арналған халықаралық әдеби байқауға қатысты

Аты аңызға айналған майдан ақынының құрметіне әдеби байқау (Мұса Жәлелдің 110 жылдығына орай) бірінші рет 2016 жылы өткен болатын.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстандағы Татарлар және башқұрттар конгресінің қолдауымен «Дуслык» татар білім беру мәдени орталығы ұйымдастырып жүрген байқаудың шекарасы үш жыл ішінде айтарлықтай кеңейе түсті. Байқау мәртебесі халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Бұл ұсыныс Елбасының Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуінде айтылып, қолдау тапқан еді», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Дуслык» татар білім беру-мәдени орталығының жетекшісі Яннат Низамутдинова.

2019 жылы «Жәлел жұлдызы» халықаралық әдеби байқауы 15 ақпанда, батыр әрі ақынның туған күніне орай өткізілді. Байқаудың қорытындысы тамыз айының соңында, Мұса Жәлелді еске алу күні шығарылды. Айта кету керек, биыл оның өлім жазасына кесілгеніне тура 75 жыл толып отыр.

«Екі жарым айдың ішінде байқауды ұйымдастырушылар Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресей Федерациясының аймақтарынан қатысуға 500-ден астам өтінім алды. Олардың ішінде саны жағынан Татарстан Республикасы көшбасшы болды», - деп атап өтті байқаудың қазылар алқасының мүшесі, Қазақстандағы Татарлар және башқұрттар конгресінің басшысы, Дүниежүзілік татар конгресі ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары Тауфик Каримов.

Ұйымдастыру комитеті байқаудың талаптарына сай келген 300-ге жуық жұмысты іріктеп, қарады. Бұл еңбектер Мұса Жәлелдің өлеңдері, әңгімелері, эсселері мен шығармашылық зерттеулеріне негізделген еді. Сонымен қатар, биыл байқаудың географиясы ғана емес, жанрлары да кеңейді. Мысалы, әлеуетті қатысушылардың ұсынысының арқасында Жәлелдің өлеңдері қазақ, татар, орыс, ағылшын, тәжік, түрік және өзбек тілдеріне аударылған.

Балалар мен жастар санты бойынша 47 жеңімпаздан бөлек, он бір номинация бойынша үздік жұмыстардың авторларына 55 жүлде берілді.


Авторы Сара Қабиқызы