Жүзуден Қазақстан чемпионатында Астана командасы 1-орын алды

Жарыс 25 сәуірде басталып, оған еліміздің 13 аймағынан үш жүзден астам спортшы қатысты. Бұл туралы қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасынан мәлім етті.
Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша, бірінші орынды командалық бәсекеде 13 алтын медаль алған Астана командасы иеленді. Екінші орын - Қарағанды облысы, ал үшінші орын Жамбыл облысы командасының қанжығасында
Әрқайсысы бес алтын медальдан алған елордалық жүзгіш Риат Жұмағұлов пен алматылық Ирина Архипова турнирдің үздік спортшылары атанды, деп жазады astana.kz.
Жарыстың екінші күні бәсеке жүзудің алты түрінен өтті. Алынған медальдер саны бойынша Астана мен Алматы командалары көш бастады.
Чемпионаттың соңғы күніндегі жүзудің жеті түрінен болған бәсекеде 50 метрге шалқалай жүзуден бірінші орынды алматылық Александр Шатских пен теміртаулық Сергей Кучаба иеленді.
100 метрге еркін стильде жүзуден Ирина Архипова мен Риат Жұмағұловқа тең келер ешкім болмады. Баттерфляймен 200 метрге жүзуден астаналық Дарья Малыхина мен Ақтөбеден келген Астам Бағандықовтың мерейі үстем болды.
Еркін стильде алыс қашықтыққа жүзуден Астана мен Қарағанды өкілдері, ал 4х100 метр эстафетада қыздар арасындағы аралас стильде Астана командасы жеңіс тұғырына көтерілді. Жастар арасында Жамбыл облысының командасы бірінші орын алды.