Жығылған күреске тоймайды - баспасөзге шолу
АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 8 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы 2-3 айқара бетте кеше еліміздің кейбір өңірлерінде өткен аудандар мен ауылдардың әкімдерін сайлау туралы егжей-тегжейлі жазылып отыр. Онда Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстарында өткен сайлау туралы толық мағлұматтар алуға болады. Мақала «Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру - өмір талабы» деген тақырыппен берілген.
Қазақстан Әлиевтің туыстарымен болған сот процесінде тағы жеңіп шықты. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Жығылған күреске тоймайды» деген мақалада жазылған.
Басылымның мәліметінше, арбитражды трибунал бұл жолы Әлиев-Шораз туыстарының Қазақстанға қарсы берген талап-арызды қарау қорытындысында жауапкердің пайдасына шешім шығарды. Талап-арызды Алматы облысында құс өсірумен және оның өнімдерін өңдеумен айналысатын «Руби Роз Агрикол» ЖШС беріпті. Ал оның иесі Рахат Әлиевтің жездесі Иссам Хуранидің бизнес бойынша әріптесі Кассем Омар Абдаллах болып шықты. Компания 2010 жылғы қазанда Қазақстаннан 2014 млн. доллар мөлшеріндегі ақша талап етіпті. Олар Рахат Әлиевтің басындағы жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың саяси астармен өз активтерін алып қойғанына шағым білдірді. Шағым берушілер талап-арыз беруге негіз ретінде Қазақстан мен кәсіпорын арасында 1999 жылы қол қойылған инвестициялық келісімшартты, сондай-ақ «Шетел инвестициялары туралы» заңды алға тартты. Ал Қазақстан жағы бұған өзінің қарсы тұжырымдарын ұсынды. Содан кейін талап-арыз беруші компания жоғарыдағы аталған соманы 63 млн. долларға дейін төмен түсірді.
Арбитражды сот аталмыш істі қарап, талап-арыз берушінің заңды және инвестициялық келісімшарт ережелерін қолдануға қатысты негізгі тұжырымдарының бәрін жоққа шығарды. Трибунал сот және басқа да шығындарды өтеу мәселесін қосымша қарауға қалдырды, деп жазады газет. Мақаланың анық-қанығын басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
Украинаның Николаев ауданындағы шағын ғана Врадиевка мекені үлкен шудың ошағына айналды.
Жергілікті милициядан әбден жәбір көрген ауыл халқы бір-ақ түнде өре түрегелген. Өз құқын жақсы білетін, Украинаның ең қарапайым ауылының жұрты жаппай көтеріліп, милиция ғимаратын өртеп жіберді. Бұл туралы «Айқын» газеті жазады.
Басылымның мәліметінше, елді әбден ашындырған іс - маусымның 27- сінен 28-не қараған түні орын алған. Жергілікті милиция офицері - лейтенант Дмиртий Полищук және аға лейтенант Евгений Дрыжак, сонымен қатар жергілікті көлік жүргізуші Сергей Рябиненко Врадиевка селосының 28 жасар тұрғыны Ирина Крашкованы зорлап, ауыр соққыға жыққан. Істің мән-жайын ауруханаға ауыр халмен түскен Иринаның өзі айтып берді. Алайда, қылмысқа қатысы бар Евгений Дрыжакты, құқық қорғаушылар қамауға ала қоймайды. Тіптен жергілікті жұртты мазақ еткендей, оны осы істің тергеушісі деп белгілеп қойған. Бұған ашынған адамдар милиция және ісі тергелген аудандық сот ғимаратына тас, жұмыртка лақтырып, артынан өрт қойып, құқық қорғаушылардың аяғын бір етікке тығады. Бұл ретте, Украинаның бірқатар парламент депутаттары, партия өкілдері қызы қорланған ауылға жақтасып, жоғары биліктің жауап беруін талап етеді.
Мақала «Шағын ауылдан шыққан шу» деген тақырыппен беріліп отыр.
Таллин қаласының мэріне үміткер Мартин Хельме шаһар халқын түгелдей эстон тілінде сөйлетуге уәде берді. Қазір ол - қала басшысынан кейін рейтингі екінші орында тұрған үміткер. Бұл ақпаратты «Айқын» газеті таратып отыр.
Басылымның жазуынша, Хельме күз айындағы муниципиальдық сайлауда жеңіске жеткен жағдайда екі тілділікті жоятындығын айтады. Ол бұл туралы бір басылымға берген сұхбатында мәлім еткен. Қала тұрғындарының үштен бірі басқа ұлт өкілдері болса да алдағы уақытта барлық іс-қағаздар эстон тілінде жүргізіледі. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін осылай көтермекші. Март Хельме - кезінде Эстонияның Ресейдегі елшісі болған жан.
Жуырда еліміздің Ішкі істер министрлігі Криминалды полиция комитетінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының өкілдері адам саудасына қатысты қылмыстың өршіп тұрғанын мәлімдеді.
Құзырлы орын таратқан деректерге сүйенсек, еліміз бойынша жылдан жылға адам саудалағандардың қатары көбейе түсуде. Осы қылмыстың алдын алу үшін қолданыстағы заңға бірнеше өзгертулер мен толықтыру енгізу уақыт талабына айналып отыр, деп жазады «Айқын».
Автордың айтуынша, адамды саудаға салып, пайда табу кәсібі бұрыннан бар. Ол заманына қарай, әр кезде әртүрлі сипат алып, әлі күнге дейін жалғасып келеді, өкінішке қарай, жалғаса да беретін сияқты. Өткен ғасырларда адам саудасы ашық түрде жүргізілсе, қазір көбіне көп астыртын жүзеге асуда. Мамандардың пікірінше, ол есірткі мен қару саудасынан кейінгі ең табысты саналады екен. Есесіне, құл саудасының әшкере болу қаупі алдыңғы екеуімен салыстырғанда көп төмен көрінеді. Сондықтан да ол қазіргі кезде тіптен кең етек жайып, әлемді шырмауықша орай бастады.
Осынау келеңсіз жағдай «Сауданың сорақысы...» деген тақырыппен берілген мақалаға өзек болған.