Жыл аяғына дейін 10 мыңнан астам кішкентай елордалықтар балабақшамен қамтылады

АСТАНА. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат - Жыл аяғына дейін 10 мыңнан астам елордалық бүлдіршіндер балабақшаларға орналасатын болады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, елордада 16 мыңға жуық бала мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған. Алайда 6 жасқа дейінгі 35 мыңға жуық сәби қала балабақшаларында кезекке тіркелген.

Бұл жағдайды әкімдік ұсыныстан сұраныстың біршама басым болып отырғандығымен түсіндіреді. Сонымен қатар жыл сайын Астанада дүниеге келетін сәбилердің, қалаға тұрақты қоныс аударушылардың саны да артып отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында елорда перзентханаларында 5492 сәби, ал өткен 2009 жылы 17 мыңға жуық бала дүние есігін ашқан.

Елімізде 2015 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балалардың 70 пайызын мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамту жоспарлануда. Алматы мен Астана қалаларында 2010 жылы мектепке дейінгі білім алуға мемлекеттік білім тапсырыстарын орналастыру үшін республикалық бюджеттен 8,5 млрд. теңге қарастырылған.

Астана әкімдігінің бастамасымен сәуір айынан бері жеке балабақшаларда мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Осы жоба бойынша қазірде мың бала тәрбиеленіп жатса, қыркүйекте олардың қатарына тағы 1975 бүлдіршінмен толыға түседі. Жеке балабақшалардың есеп шотына тәрбиелеп жатқан әр баласы үшін мемлекет тарапынан ай сайын 11 896 теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Қалған соманы ата-аналар өз қалталарынан төлейді. Бұндай қолдауды балабақшалардан орын алу кезегінде тұрған кез-келген отбасы ала алады.

Астана әкімдігінің жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың соңына дейін балабақшалар мен шағын орталықтарға 12304 бүлдіршін орналасатын болады.

Соңғы жаңалықтар