Жыл аяғына дейін 8 ауылға су құрылғылары орнатылады - Архимед Мұхамбетов

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындарға есеп беру кездесуінде айтқандай, биыл елді мекендерді сумен жабдықтауға айрықша көңіл бөлінеді.

«2017 жылы «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы бойынша елді мекендерді сумен қамтуды жақсарту үшін 10 нысан қайта жаңғыртылды. Оған бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді. Олардың ішінде өткен жылы 3 жаңа су бекеті пайдалануға берілді, нәтижесінде 5,7 мың адам тұратын 6 ауылға ауыз су жеткізілді. 2018 жылы сумен жабдықтау және суды бұру объектілерін дамытуға бюджеттен 5,6 млрд теңге бөлінді», - деді облыс басшысы.

Архимед Мұхамбетовтің сөзінше, 2018 жылдың аяғына дейін 8 ауылға су құрылғылары орнатылады. Нәтижесінде, 41,5 мың адам таза ауызсуға қол жеткізеді.

«Облыста орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі 32,2%-ды құрайды. Биыл бұл көрсеткіш ұлғаюы тиіс. Себебі, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы сомасы 10,1 млрд теңгеге сумен жабдықтау және ағын суларды бұру жүйесі жаңғыртылды. Барлығы 19 нысан қайта жөндеуден өтті. Бұған қоса Қостанай және Лисаков қалаларындағы  су торабы, Тобыл сорғы станциясы толықтай ретке келді», - деді Архимед Мұхамбетов.

Сондай-ақ, биыл Қостанайда қуаттылығы тәулігіне 73 мың текше метр болатын №5 кәріз сорғы стансасы салынды. Алғаш рет 500-ден астам адам тұратын бір ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылды.

Фото: perepel-krym.ru

Соңғы жаңалықтар