17:07, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Жыл аяғына дейін Алматыда 2 газ құю стансысы ашылады
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда қалалық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасы, «ҚазТрангГаз» АҚ мен BG Group компаниясы қала әкімі Ахметжан Есімовтың тапсырмасымен жасалған автокөліктерді сығымдалған, табиғи газға көшіру жобасын таныстырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыда автокөліктердің саны артып отыр. Қалалық ІІД Жол полициясының мәліметтеріне сәйкес қалада 540 мыңнан астам көлік тіркелген, оның 1 мыңнан астамы ғана газбен жүреді. Сондай-ақ қалаға күніне 200 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Олар пайдаланатын жанармайдың көлемі жылына 5 миллион литрден асып отыр. Бұдан ауаға 190 мың тонна ластаушы зат таралады.
Жаңа жоба бойынша бұл бағытта бірқатар шаралар қолға алынбақ. «Қазтрансгаз»АҚ инвестициялық саясат департаментінің директоры Әзізхан Елемесовтың айтуынша, бұл бағытта алғашқы қадам газ құю стансыларын салу болмақ. Жоба аясында биылғы жылдың 4-ші тоқсанында 2 газ құю стансысын салу көзделіп отыр.
«Оның бірі Момышұлы-Райымбек көшесінде орналасады. Алматы әкімдігі жыл соңына дейін муниципиалды автопарк құруды көздеп отыр. Осы автопарк үшін тағы бір газ құю стансысы салынады», - дейді «Қазтрансгаз» АҚ өкілі.