Жыл аяғына дейін елордада 6 мектеп ашылады
АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарва/ - 2010 жылы Астана қаласында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынып жатқан 6 мектептің құрылысы аяқталады.
Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында қалалық Білім басқармасы бастығының орынбасары Рысты Шоқаева мәлім етті.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың қаңтарында Оңтүстік-Шығыс шағынауданында 1200 орынға арналған мектеп іске қосылды. Бүгінгі күні барлығы 6800 орынға есептелген тағы 6 мектептің құрылыстары жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті ол.
Р.Шоқаеваның айтуынша, «Степной» гараж кооперативі мен Тілендиев даңғылы бойында салынып жатқан олардың екеуі (1200 орын) алдағы қыркүйектің 1-іне дейін тапсырылатын болады. Ильинка кентінде, Тілендиев даңғылының оңтүстік бетінде, Астана қаласының жаңа әкімшілік орталығында (әрқайсысы 1200 орындық) және Көктал кентінде (800 орын) бой көтеріп жатқан қалған төртеуі есіктерін 2010 жылдың төртінші тоқсанында ашпақ.